Он бір жыл білім алған оқушының білімінің сараланар сәті келді. Бұдан үш жыл бұрын ҰБТ-дан Атыраудағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның үш оқушысы 125 балл алған еді. Алайда, биыл Атырау мектептерін бітірген 4633 оқушының бірде бірі дәл осындай ең жоғары көрсеткішке қол жеткізбеді. Олардың арасынан 3110 оқушы ғана ҰБТ тапсыруға ниет етіпті. Бұлардың басым бөлігі сынақты қазақша тапсырған. Қазір мектеп бітірушілердің бәрі де ҰБТ-дан қанша балл алғанын біледі. Атыраулық түлектер арасынан тек Ж.Досмұхамбетов атындағы лицейдің бітірушісі Жадыра Қаттар ғана 123 балл жинады. Ол ҰБТ сұрақтарына берген жауабының екеуінен қателесіпті.
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің мәлім етуінше, мектеп бітірушілердің ҰБТ-дағы орташа көрсеткіші 70 пайызды құрап отыр. Оқу жылының аяғында 76 түлек «Алтын белгі» алуға үміткер болған екен. Алайда, бәрінің бірдей үміті ақталмады. Бап та, бақ та сыналған сәтте 39 түлек қана өздерінің білімімен үздіктердің үздігіне ғана берілетін «Алтын белгіге» лайықты екенін дәлелдей алды. Ал «Үздік аттестатты» тек 6 түлек алатыны белгілі болды. Бастапқыда атауымен ерекшеленіп тұратын бұл аттестатты иеленуге 18 түлектің мүмкіндігі болғанымен, сынақ қорытындысында олардың тек үштен бірінің ғана жолы оңғарылды.
– Мектеп бітірушілердің 1 117-сі, яғни, ҰБТ тапсырушылардың 35,9 пайызы 50 балл жинай алмады. Ең жоғары көрсеткіш –123 балл, ең төменгісі – 22 балл, – деп мәлім етті облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев.
Индер және Мақат аудандарының бірде-бір түлегі «Алтын белгіге» ие болған жоқ. Бірақ, өткен жылғыға қарағанда, ҰБТ тапсыру кезінде заң бұзушылық байқалмапты. Мұның себебін облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зылиха Дүйсекенова төмендегіше түсіндіріп берді:
– Оқушылардың ҰБТ-ға психологиялық бейімделуін қалыптастыру, сонымен бірге, оларға тест тапсыру технологиясын түсіндіру мақсатында оқу жылының басынан бірнеше рет сынама тестілеу жүргізілген. Ата-аналар мен оқушыларға тестілеу ережесі толық түсіндіріліп, аудиторияларға тыйым салынған құралдармен кірудің ережеге сай еместігі ескертілді. Осының нәтижесінде мектеп бітіруші оқушылар заң бұзушылыққа соқтыратын өрескел әрекеттерге бармады. Олардың тарапынан заң бұзушылық болмағаннан кейін бірде бірі аудиториядан шығарылған жоқ. Оқушылар тек өздерінің біліміне ғана сенді.
Оның пікірінше, былтырғыға қарағанда, «Алтын белгі» иегерлері 14-ке артып отыр. 100 балдан жоғары алғандар қатары 128-ге көбейіпті. Бірақ, «Үздік аттестат» алушылар 2 оқушыға кемігені байқалыпты. Қалай дегенде де, тек білімді оқушының ғана бағы жанып, ұстаздарының да, ата-анасының сенімін ақтады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ