Бас прокуратурада «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен Бас Прокурор Жақып Асановтың төрағалығымен кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесіне қатысты бейнеконференция болып өтті.
Шарада жалған кәсіпкерлікпен айналысатын адамдардың түрлі түйткілді мәселелері талқыланды. Палатаның басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов осы жылдың басынан бері жалған кәсіпкерлік мәселелеріне қатысты 150-ден астам хат-хабар, арыз-шағым еліміздің түкпір-түкпірінен келіп түскенін тілге тиек етті. Осыған орай құқық құрылымдарымен тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
«Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Пішембаев тиісті заңнаманың кейбір нормаларын мемлекеттік органдардың орындағаны туралы айтты. Сондай-ақ, кеңестің басты жұмысы кәсіпкерлікке көлденең тосылатын түрлі кедергілерді жою екенін де жасырмады.
Отырыс барысында әр тексеруді жүйелі тіркеу мен прокуратураның қашан және қандай себеппен тексеру жүргізетіні, кәсіпкерлердің құқығын қорғаудағы осы органның рөлі сияқты өткір мәселелер алға шықты. Оған қоса, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміндегі құқық бұзушылық туралы хабарды тіркеу барысында заңды ескермей, кәсіпкерлерді тергеу әрекеттерінің барлық әдістерін пайдалану арқылы қылмыстық процесс шеңберіне негізсіз тарту мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді.
Бұл жөнінде Бас Прокурор Ж.Асанов барлық аталған фактілерге қатаң баға берілетінін айтты. Ал отырысты қорытындылаған Т.Құлыбаев палата мен прокуратура органдары бұдан былай бірлесе жұмыс істеп, кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау мәселесінде әлі де ынтымақтаса түсетіндерін айтты.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан»