Аты аңызға айналған Катарина Витт сынды спорт сұлуының ақпанның алғашқы күні Медеу мұз айдынына келуі допты хоккейден өтіп жатқан Азиадаға қатысушылар үшін тосын сый болды. Бұл күні Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан ойыншылары жоспардағы өз жаттығуларын өткізіп жатқан болатын. Өткен күннің аты аңызға айналған мәнерлеп сырғанаушысы Катарина Виттің келуі – күннің басты оқиғасына айналды. Ол мұз айдынында фотосессия өткізіп, сұхбат берді. Танымал мәнерлеп сырғанаушы өзін қарапайым және еркін ұстап, бәрін тәнті етті.
– Көркіңіздің әдемі құпиясы неде?
– Бұл мұз айдынының арқасы! Фитнес жаттығуларын да ұмытпау керек, – деді.
Әлемнің төрт дүркін, Еуропаның алты дүркін чемпионы Катарина Витт қазір 2018 жылы Қысқы Азия ойындарын өткізуден үміткер Мюнхен қаласының өтінім комитетін басқарады.
– Катарина, Азиада-2011 сіз үшін несімен есте қалмақ?
– Мен бүкіл әлемде оның ішінде Азияның да қысқы спорт түрлеріне қызығушылық танытып жатқанына қуаныштымын. Астанада өткен Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатыстым. Ашылу салтанаты маған өте ұнады. Азиаданың ұйымдастыру шараларының өзі – айтары жоқ, өте жоғары деңгейде. «Астана-Арена» стадионы таңдандырды.
Ал бізде – Мюнхенде де спорттық нысандар жеткілікті және біз 2018 жылы Олимпиада өткізуге дайынбыз. Соңғы уақытта бізде әсіресе, қысқы спорт түрлері бойынша жарыстар жиі өтуде.
– Мәнерлеп сырғанауда Азиядан шыққан айдын аруларының деңгейін қалай бағалаған болар едіңіз?
– Азиядағы мәнерлеп сырғанаушылардың деңгейі айтарлықтай өсті. Олимпиада жарыстары мен Әлем чемпионаттарында жоғары халықаралық деңгейдегі жүлделі орындар үшін таласа алатын спортшылар аз емес. Жапония, Қытай және Оңтүстік Корея сияқты елдерді ерекше атап өтуге болады.
– Жаттықтырушылықпен айналыспай жүргеніңіздің сыры неде?
– Оған уақыт жоқ. «Мюнхен – 2018» өтінім комитетінен бөлек, айналысатын қоғамдық жұмыстарым жеткілікті.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.