• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Маусым, 2016

Жайын ұстаған Жайынов

1502 рет
көрсетілді

Өткен жылы газетімізде Казталов ауданындағы Қайыңды ауылының тұрғыны Асылұлан Жайынов Қараөзен айдынынан салмағы 45 кило, ұзындығы 2 метр болатын нән жайын ұстап алғаны жөнінде кеңейтілген ақпарат жариялаған болатынбыз. Әрине, ол браконьер емес. Жұмыстан қолы босаған кезде ауыл іргесіндегі өзенге келіп қармақ салу оның тек құр ермегі ғана. Балық түрлерінің арасында ең қомағайының бірі – осы жайын десе де болады. Мәселен құстың ішінде үйрек аузына не түскенін талғамай жұта беретін болса, жайын да солай өзіне ілінген судағы тіршілік ететін жәндіктің қай-қайсысын да таңдамастан қылғыта беретінге ұқсайды. Бұл ретте Асылұлан жайын ұстау үшін қармағына құрбақа ілуді әдетке айналдырыпты. Өткен жылы ұстаған жайыны соған іліксе, бұл жолы да дәл солай болыпты. Үлкен құрбақаны қапқан аңғал жайын қармаққа қалай ілінгенін аңғармай қалыпты. Әйтеуір, осы жолы А.Жайынов қасындағы серігімен екеулеп жүріп балықтың «шошқасын» жағаға сүйреп алып шығыпты. Оның биыл ұстаған соңғы жайынының салмағы 70 кило тартыпты. Ал ұзындығы 2 метр, 20 сантиметрден асқан екен. Бұл былтырғы ұсталған жайынның салмағынан 25 килоға артық, 20 сантиметрге ұзын. Бүгінде Жайыновтың жайын ұстаудағы «іс-тәжірибесі» қармақ салғанды ермек ететін өңірдегі өзге әуесқойлардың да назарын аударып, олардың қатты қызығушылығын туғызып отыр. Осы арада тағы бір айтайын дегеніміз, Қараөзен – әйгілі Еділ өзенінің бір сағасы. Ол өз арнасын Ресей аумағындағы Еділден тартады. Мұның өзі мұнда ірі балықтардың өсіп-өнуіне ыңғайлы жағдай жасалғанының бір көрінісі деуге болады. Әрі өзен суының терең екендігінің айғағы. Осы жағымды жәйт ресейліктер Еділ өзенін қорғауға, ондағы балық қорының көбеюіне мемлекеттік деңгейде көңіл бөліп отырғанын танытады. Ал Орал өңірі аумағындағы Жайық өзені мен Шалқар көлінің деңгейі жылдан жылға тартылып мұндағы балық түрлерінің мүлдем азайып және ұсақталып бара жатқаны бәрімізді ойландыруға тиісті. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Қайыңды ауылы