Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясына әзірлік жөніндегі Ұйымдастыру комитетінің кезекті отырысын өткізді, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Биылғы 29 тамызда Астанада өтетін форум жұмысына халықаралық ұйымдардың басшылары, беделді саясаткерлер, парламенттік қауымдастық мүшелері, сарапшылар мен азаматтық қоғамның өкілдері қатысатын болады. Шара барысында төрт тақырыптық сессия өтеді, сондай-ақ, көрме қойылымдары көрсетіледі. Конференция Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі парламентшілер одағының қолдауымен өтеді.
Қ.Тоқаев бұл форумның мазмұнын сапалы қамтамасыз ету, ең алдымен, Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің идеялары тұрғысында іске асыру қажеттігіне назар аударды. Сенат Төрағасының пікірінше, конференцияның нәтижелері ядролық қаруды жаһандық тұрғыда таратпау және қарусыздану үдерістеріне жәрдемдесуі тиіс.
Форумға әзірлік барысы туралы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов баяндама жасады. Кеңеске Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Сенаттың тұрақты комитеттерінің төрағалары, сондай-ақ, басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Сенат Төрағасы шараның мазмұндық және ұйымдастыру мәселелері бойынша бірқатар тапсырма берді.