Бұл күндері елімізде мемлекеттік құрылыстың кезекті кезеңі – Болашағы біртұтас ұлт құру кезеңі кең құлаш жайып келеді. Онда қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту мен дамытуға бағытталған құндылық жүйелерінің «Мәңгілік Ел» және ұлттық бренд болып табылатын «Ұлы Дала елі» атты жалпыұлттық патриоттық идеялар негізінде алға қадам басу шаралары қарастырылған. Алуан түрлі мәдени, этностық, тілдік және діни тамырлардан нәр алатын жалпыұлттық құндылықтар қазақстандық біртектілік пен бірліктің іргетасы болып келеді. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан толассыз үрдіс жемісі. Әрбір азаматтың, өзінің этностық шығу тегіне қарамай, тағдырын Қазақстанмен байланыстыруы елді біріктіретін күш болып табылады. Ол біздің социумның өткен тарихы, қатарласқан бүгіні және болашаққа деген жауапкершілігі бір екендігін көрсетеді.
Қазіргі таңда республикамызда «Үлкен ел – үлкен отбасы» атты өте ауқымды жоба іске асырылуда. Оның мақсаты тұтас азаматтық қауымдастық қалыптастыруға жағдайлар жасау, шарттар тудыру болып келеді. Осы орайда, Қазақстанда 4.7 млн.-нан астам отбасы бар екенін айта кеткен жөн. Жұмыс мемлекеттік рәміздердің қолдану жүйесін модернизациялау, қайырымдылық пен медиацияны дамыту, «Ұрпақ+» атты балалар мен жасөспірімдердің мәдени-ағартушылық жобасын және т.б. іске асыру бағыттары бойынша жүргізілуде. Келесі жоба еліміздегі музейлердің жұмысын жаңғыртуға, этностар, диаспоралар шежіресін терең зерделеуге қатысты болып келеді. Оның мақсаты – өзінің тарихын, өзінің өткенін білген ұлт біртұтас және өміршең болады, соның негізінде ұлттық сана-сезім қалыптасып, дамиды дегенге саяды.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің 2015 жылдың 1 қазанындағы деректеріне сүйенетін болсақ, бүгінгі таңда елімізде 17 607 800 адам өмір сүреді. Тұрғындардың саны бойынша әлем елдерінің тізімінде біз 64-ші орында тұрмыз. Бүгінгі Қазақстанда саны 11,5 миллионға жуық автохтонды қазақпен бірге 130-ға тарта басқа этностардың және этностық топтардың өкілдері өмір сүруде. Солардың ішіндегі ең көбі – 4 миллионнан астам орыс ұлтының өкілдері. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамының 66,01%-ын қазақтар, 21,05%-ын орыстар құрайды. Бұдан басқа, украин, неміс, өзбек, әзербайжан, күрд, қырғыз, чешен, кәріс, ұйғыр, т.б. ірі диаспорлар бар. Олар әрқилы тарихи оқиғалар мен саяси жағдайларға байланысты қазақ жерінде қоныстанып қалған болатын. Аталған мақаланың басты мақсаты осы үдерістердің қалай жүргенін баяндау және ұлтаралық қатынастар проблемасын шешу барысында ескеру, қолдану болып табылады.
Бірінші ресми дерек – 1897 жылы жүргізілген бүкілресейлік халық санағының мәліметі бойынша, қазіргі Қазақстан аумағындағы халықтың 80%-ын қазақтар, 12%-ын славян тектес халықтар құраған. 1897-1913 жылдар аралығында мұндағы халық саны қоныс аударған орыс, украин, белорус, татар, ұйғыр, дүнген, т.б. жатжұрттықтар есебінен 1 264,0 мың адамға көбейген. Қазан төңкерісі мен азамат соғысынан кейінгі екі он жылдықта Қазақстан мен Орталық Азия республикаларында ұйымдасқан түрде жаппай қоныстандыру болған жоқ. Бірақ Қазақстанда экономикадағы құлдырауға, әсіресе, 1921 жылғы аштыққа байланысты миграция стихиялы түрде жүріп жатты, елдің орталық өнеркәсіпті аудандарындағы 1,3 миллион адамды қамтыған жұмыссыздық он мыңдаған адамды жұмыс пен нан іздеп басқа жерлерге, оның ішінде Қазақстанға да баруға мәжбүр етті. Олар мұндағы өнеркәсіп алпауыттары – Түрксібте, Қарағанды көмір бассейнінде, Балқашта және т.б. жерлерде жұмыс істеді. Мұнан басқа, тек жұмысшы күшін ұйымдасқан түрде жинау ғана Қазақстанға елдің басқа аймақтарынан 1931-1940 жылдары 509 мың адам келтірді. Бұл жұмысшылардың және жұмысқа орналасқан жұмыссыздардың көбі өнеркәсіп орындарының, теміржолдардың, қалалар мен жұмысшы поселкелерінің құрылысы біткен соң республикада тұрақты жұмысқа қалып отырды.
Аграрлы қоныс аударулар да болып тұрды. 1920-жылдардың аяғы мен 1930-жылдардың басында Қазақстанға Ресей мен Украинадан, т. б. республикалардан, арнайы қоныс аударылған шаруалар, тәркіленген бай-кулактар, сонымен бірге, әскерден босатылған қызыләскерлер және елдің еуропалық бөлігі мен Сібірден қоныс аударушы шаруалар келе бастады. Олар мұнда коммуналар мен ауыл шаруашылығы артельдерін құрып қоныстанды. 1928-1930 жылдар аралығында Қазақстанда құрылып жатқан шаруашылықтарға елдің әр-түрлі аймақтарынан 65 мың отбасы келді. 1940 жылы Украина мен Ресейдің, әсіресе, Мордва, Чувашия, Татарстан, т.б. республикалардан аз жерлі аудандарда тілек білдірген шаруаларды ұйымдасқан түрде қоныс аударту басталды. Қазақстанға келген 24,2 мың отбасы тың жерлерде дәнді дақылдар шаруашылығын дамыту үшін республиканың солтүстік облыстарына қоныстандырылды.
1930-жылдардың аяғында бірқатар этностық топтар өз жерлерінен қоныс аударылды. Солардың біразы Қазақстанға әкелінді. 1937 жылы Қиыр Шығыстан 96 мың кәріс көшіп келді. Олар мұнда күріш өсіретін шаруашылықтар ұйымдастырды. Сол жылы НКВД Әзербайжан мен Армениядан иран, әзербайжан, күрд және армяндардың 2,4 мың отбасын Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарына қоныс аудартты. Соғыс алдында Батыс Украина мен Батыс Белоруссиядан поляктарды және Балтық бойы республикалары азаматтарын депортациялау, қоныс аударту жүргізілді.
Бұл жылдары Қазақстанға көшіп келушілердің көбісі орыстар, ал біразы украиндар, татарлар және басқа ұлт өкілдері болатын. Аталған қоныс аударулар республика тұрғындары құрамының интернационалдануын күшейтті. Мысалы, Түрксібті – 30, Қарағандыны – 25, Балқашты – 45, Ақмола – Қарталы теміржол желісін 50 этностық топ өкілдері салды. Міне, осылардың және 1932-1933 жылдардағы аштықтың салдарынан Қазақстанда жергілікті халық – қазақтардың КСРО-ның басқа аймақтарынан көшіп келген этностық топтарына қарағанда азшылыққа айналуына жол салған күрделі этнодемографиялық жағдай қалыптасты. Қазақтардың Қазақстандағы басқа ұлттар арасындағы үлес салмағы 1926 жылғы 57,1 пайыздан 1939 жылы 38 пайызға төмендеді, ал орыстардың меншікті салмағы 40,2 пайызға жетті. Енді олар республикада саны жағынан ең көп этностық топқа айналды.
Қазақстан тұрғындарының көп ұлттануы екінші дүниежүзілік соғыс жылдары және одан кейінгі уақыттарда күшейе түсті. Соғыс жылдары республикаға миграциялық ағым күшейді. Елдің батыс аудандарынан эвакуацияланған 536 мың адамнан басқа, Қазақстанға автономиялық құрылымдары жойылған 100 мыңдаған неміс, чешен, ингуш, қарашай, балқар және тағы басқа ұлт депортацияланды. Елуінші жылдардың екінші жартысында бұл халықтардың көпшілігінің автономиялары орнына келтіріліп, олардың көп бөлігі бұрынғы тұрған жерлеріне қайта қайтты. Алайда, Қазақстанға қарай бағытталған миграциялық ағым 60-жылдардың ортасына дейін азайған емес.
Соғыстан кейін 50-жылдардың ортасына дейін Қазақстанға ұйымдасқан түрде қоныс аудару болған жоқ. Ірі миграциялық ағымның бірі үлкен өнеркәсіптік құрылыспен сай келген тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты болды. Солтүстік және Орталық Қазақстандағы тыңды көтеруге 1954-1962 жылдар аралығында, негізінен, елдің еуропалық бөлігінен 2 миллионға жуық адам келді. Өнеркәсіп, құрылыс және көлікте жұмыс істеу үшін республикааралық жұмыс күшін ұйымдасқан түрде жинау арқылы 1954-1965 жылдары жарты миллион адам мұнда және келді, бұл республикадағы жұмыстарды ұйымдасқан түрде жинаудың 80 пайызға жуығын құрады. Жұмысшылардың көбі Украина, Белоруссия, Молдавия және Литвадан алынды. Бұл жергілікті тұрғындар мен басқа ұлт өкілдері арасындағы сан және үлес салмағындағы алшақтықты одан әрі үдете түсті: мұнда 1959 жылы орыстардың меншікті салмағы 42,7 пайызға жетсе, ал қазақтардыкі 30 пайызға дейін төмендеді. Басқа этностық топтардың үлес салмағы аса өзгере қойған жоқ. Қазақстанға қарай бағыт ұстаған миграциялық ағым, әлсіреген түрде болса да, кейін де жалғаса берді, бірақ 70-ші жылдардың екінші жартысынан бастап, әсіресе, қазіргі жағдайда кері сальдо жасады.
Қазақстанның Ресейге қосылуы қарсаңында басталған республика тұрғындары құрамын интернационалдандыру Қазан төңкерісінен кейінгі уақытта тіптен күшейе түсті. 1939 жылы қазақтардың пайдасына қалыптаспаған тұрғындар саны мен олардың меншікті салмағы 50 жылдан кейін ғана өзгерді. 1989 жылғы санақ бойынша Қазақстан тұрғындарының ұлттық құрамы мынадай еді: қазақтар – 39,7 орыстар – 37,8 немістер – 5,8, украиндар – 5,4, өзбектер мен татарлар – 2, ұйғырлар мен белорустар – 1,1 корейлер – 0,6, әзербайжандар – 0,5 пайыз, тағы сол сияқты.
Сонымен, қазақтар 1926 жылдан кейін бірінші рет өзінің этностық территориясында саны жағынан басқалардан озды. Міне, біз мұнан Қазақстан тұрғындары ұлттық құрамының соңғы жарты ғасырда этнодемографиялық дамуының және бір ерекшелігін көреміз. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл кез туралы: «Бүтіндей алғанда, ХХ ғасырдың басынан Қазақстанға 5,6 миллион адам қоныс аударған. Ол кезде жергілікті халық шамамен 6 миллиондай адам болатын. Бұларды тарихты білмейтіндер мен Қазақстан қашаннан осындай көпұлтты болған деп санайтындар үшін айтып отырмын», – деген болатын.
1990 жылдан кейін Қазақстанды мекендеген шет жұрттықтардан көшіп кетушілер саны өсе бастады. Славян, герман тектес тұрғындардың өз еліне қоныс аударуы көбейіп, республика халқы едәуір азайды, қазақ және басқа түріктектес халықтардың үлесі артты. Егер Қазақстан Республикасында 1989 жылғы халық санағында
16 199,2 мың адам тіркелген болса, 1999 жылғы санаққа дейінгі аралықта Қазақстан халқы 1 246,1 мың адамға жеткен. Мұның басты себебі бұрын қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан жеріне көшіріліп қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, орыстардың, украиндардың, немістердің Кавказ халықтарының т.б. өз атамекендеріне көшіп кетуі болды. Өсу тек Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау облыстарында Алматы, Астана қалаларында байқалды. Сол он жылда ұлттық құрамда да айтарлықтай өзгеріс болды. Мысалы қазақ ұлты 1468,1 мың адамға (22,9%) көбейіп, республика халқының жартысынан астамын (53,4 %-ын) құрады. Сондай-ақ күрд (29,1 %-ға), дүнген (23,3%- ға), ұйғыр (15,9%-ға) өзбек (12%- ға) халықтарының саны да өсті. Оның есесіне орыс ұлты өкілдерінің саны 1582,4 мың адамға (26,1% -ға) кеміді. Немістер 593,5 мың (62,7%), украиндар 328,6 мың (37,5), татарлар 71,7 мың (22,4 %), беларусьтер 66 мың (37,1 %) адамға кеміген. Ал соңғы өткізілген республикалық санақ Қазақстан халқы санының 2009 жылы 16 400 000 адамнан асқанын көрсетті.
Бүгінгі қалыптасқан жағдайда елімізде ұлттық келісім қағидасының орындалып, сақталып отырылуы ең басты шарт болып табылады. Себебі, ұлттық келісім саясатының басымдылығы қоғамдық санада түрлі диаспоралар мен этностық топтар арасындағы татулықты ғана емес, әлеуметтік топтар арасындағы түсіністікті де сақтауға көмектеседі. Ұлттық құндылықтарды жаңғырту жалпыадамзаттық құндылықтарды қадірлеудің кепілі екендігі белгілі. Қазақстандық патриотизм өзіндік орны бар рухани-тәрбиелік фактор ретінде қабылданды. Қазақстандық патриотизм Ұлттық келісім ахуалын белсенді пайдалана отырып, Қазақстанның өркениетті, дамыған елдер қатарына қосылуына игі ықпал етеді.
Талғатбек ҚҰЛТАЕВ,
Қазақстан Республикасы
ІІМ Алматы академиясы философия және ӘЭП кафедрасының профессоры
Алматы