«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы арасындағы өзара қарым-қатынастар туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасалды. Онда өндіру компаниясының жүйелік проблемаларын шешуге және оның еңбек ұжымдарында тұрақтылықты сақтауға бағытталған бірқатар алғышарттар бар.
Бұл жөнінде осы аптаның екінші күні «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-та өткен баспасөз конференциясында басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың өзі әңгімелеп берді. Ұлттық компания басшысы журналистерге еншілес кәсіпорын – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ жарғысына, екі компанияның арасындағы өзара қарым-қатынастар туралы шартқа өзгерістер енгізуге орай ұлттық компанияның ұсыныстары туралы таратып айтып берді.
Әлемдік мұнай нарығындағы ахуалға тоқталып, бүгінгі таңда қандайда бір нақты болжам жасау өте қиын екені туралы әңгімелеген ұлттық компания басшысы осы кезеңде түрлі жағдайға дайын болу керектігін жеткізді. «Мұндай жағдайда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы ұсыныстарының мақсаты операциялық тиімділікті арттыру болып табылады. Расын айтқанда, мұнай бағасының құлдырауы жағдайында басқару мен өндірістік үдерісте жүйелік проблемалар шыға бастады. Компания қайтадан пайдаға шыға бастауы үшін ол мәселелерді шешу қажеттілігі туындап отыр. Біз операциялық және әкімшілік шығындарды қысқартуға, бизнес-үдерістерді стандарттауға және жанама қызмет көрсету функцияларын аутсорсингке шығаруға бағытталған әкімшілік-басқару персоналына қатысты бірқатар дағдарысқа қарсы шараларды ұсынып жатырмыз», деді ол.
Басқарма төрағасы ұлттық компания осынау ұсыныстары бойынша акционерлерінің барлығы дауыс бере алуы үшін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы ресми түрде жүгініп отырғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, аталған ұсыныстардың толық бекітілуі үшін оны «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысында дауыс берген миноритарлық акционерлердің басым көпшілігі қолдауы тиіс екен. Акционерлердің бұл жиналысы осы жылдың 3 тамызына жоспарланып қойыпты.
Баспасөз мәслихаты барысында түрлі сұрақтар туындады. Онда аймақтардағы қарапайым жұмысшылардың жұмыс орындары да айтылмай қалмады. Өндірістік аймақтарға жоспарлы жұмыс сапарымен бару «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында дәстүрге айналған. Компания басшылығы мен арнайы мамандары еңбек ұжымдарының және кәсіподақтардың өкілдерімен тұрақты негізде кездесіп, толғағы жеткен мәселелерді дер кезінде талқылап отыруды әдетке айналдырды. Талқыланатын басты мәселелер, негізінен, жұмыс пен тұрмыс жағдайларын жақсарту, қосымша жұмыс көлемімен қамтамасыз ету және тағы басқаларына қатысты. Көп жағдайда бұл талаптар әділ деуге болады, мұнайшының жұмысы климаты қатал өңірлерде ауыр жұмыстармен байланысты. Сол себепті, кәсіподақ пен жұмыскерлер көшбасшыларының барлық ескертпелері назарға алынып, мүмкін болған жағдайда тиісті басшыларға оларды шешу туралы нұсқаулар беріледі.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың аймақтардағы жұмысшыларын қысқарту немесе персоналдардың қызметін оңтайландыру шарасы бойынша да сұрақ қойылды. «Қазіргі күнде әлемдік экономикалық дағдарыстың салқыны біздің елге де кәдімгідей әсер етіп отырғаны жасырын емес. Осыған орай Мемлекет басшысы мүмкіндігінше жұмыс орындарын барынша сақтап қалумен қатар, өнім көлемін де қысқартпау бойынша тапсырма жүктеген. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы осы тапсырмаға орай өз жауапкершілігін жақсы сезінеді. Сондықтан өндірістегі жұмысшыларды жұмыстан қысқарту ұлттық компанияның жоспарында жоқ», деді басқарма төрағасы.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан»