• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Маусым, 2016

Қимылы ширақ Кофлер

364 рет
көрсетілді

Петропавловка ауылындағы Эдуард Францевич пен Ольга Ни­ко­лаевна Кофлерлерді ауылдас­тары ынтымағы жарасқан еңбек­қор отбасы ретінде құрметтейді. Еңбекпен етене өскен ерлі-зай­ып- тылар қазіргі таңда өз нәпа­қа­ла­рын өздері құрған «Алма» ша­руа қожалығынан тауып отыр. Эду­ард Кофлер басқаратын шаруа қо­жалығы картоп, көкөніс өсіру­мен айналысады, сондай-ақ, алма бағы мен балық өсіретін тоғаны бар. Ол сонау күрделі кезеңде қала­дағы жайлы жұмысын тас­тап, кеңшардан 2 гектар жерді жалға алып, картоп өсірді. Оған дейін ауылшаруашылық маши­на­ларының механигі, жүргізуші де, кран жүргізушісі де болды. Алай­да, ол жұмыс істейтін мехко­лон­на тарап тынды. Ол шағын аң фермасын ашып, түлкі өсірді, терісін өңдеп, бас киім тігіп те сатты. Бәсекелестер көбейіп кет­ті ме, әлде, халықтың сатып алу қа­бі­ле­ті төмендеп кетті ме, әйтеуір, бұл кәсіптің де ғұмыры ұзақ болмады. 1998 жылдары жер телімін жалға алып, картоп, көкөніс алқа­бын кеңейтуді шешті. Эдуард Францевичке жер телімі бұрынғы қараусыз қалған алма бағының орнынан тиді. Міне, шаруа қожа­лығының «Алма» аталуы да сон­дықтан. Халықтың көпшілігі өз үйлерін, ауылдарын тастап, қала­ға үдере көшкенде Эдуард Францевичтің отбасымен жылы орнын суытып, ажары тайған ауыл­ға атбасын бұруы біреулерге кәдімгідей ерсі көрінгені де шын­дық. Бірақ, ынтымағы жарасқан отбасы шаруаның жүйесін таба білді, ауылдың мазасыз тірлігіне тез көндікті. Көндікті дейміз, бұл олардың туған ауылы. Ауласында мал, құс ұстады, жермен жұмыс істеді. Содан да болар Кофлерлер таң азанмен тұрып, еңбектенудің қайтарымын көре бастады. – Биыл 70 гектарға картоп, көк­өніс егуді бастап кеттік. Соның 47 гектарына картоп өсіреміз, қал­ғанына қырыққабат, сәбіз, қант қызылшасын егеміз. «Көктемнің әр күні жылға азық» дегендей, қазір жұмыстың қызған кезі, – дейді Эдуард Францевич бізбен әңгімесінде. Ол «Ауыл» шағын несие мем­ле­кеттік бағдарламасы көмек­тесіп отырғанын да жасырмайды. Өткен жылы картоп тұқымын сатып алғаны үшін 5,5 миллион теңге субсидия алды. Оны сонау Голландиядан жеткізді. «Даму» қорының да қолдауын көріп отыр. Қол еңбегін жеңілдету үшін осы заманғы картоп жинайтын комбайн сатып алды, басқа да ауылшаруашылық техникалары жеткілікті. 400 тонналық көкөніс қоймасын жабдықтап алды. Оған фермер сұрыпталған тұқымдық материалды сақтайды. Ал барлық жиналған өнімді қысқа дейін өткізуге тырысады. Кофлердің шаруа қожалығының арқасында көп­­теген ауылдастары жұмыспен қам­тылған. Жиын-терін кезінде мұнда 40 адам жұмыс істейді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», деп қазақ тегін айтпаған ғой. Эдуард Фран­цевичтің үлкен ұлы Артур қаз өсірумен айналысады. 200 қазға дейін жеткізіп жүр. Әзірге құс фермасын ашуға жақын маңда тоғанның жоқтығы кедергі болып тұрған сыңайлы. Сондай-ақ, күр­кетауық пен тауық та өсіреді. Солар­дың барлығын аулада ұстай­ды. Кофлерлер балапандарды өз­дерінің инкубаторында шыға­ра­ды. Құс өсіру Ольга Николаев­на­ның шаруасы. Оған келіні Әлия кө­мектеседі. Күзде құстарын семір­тіп сойып сатады, тек тұ­қым­­дық­қа ғана алып қалады. Ольга Кофлер құстың түбітін де, қауыр­­сынын да кәдеге асыруды ойлас­тыруда. Жалпы, әке өнегесінен үлгі алған Артур да «ЭкоАгро» атты шаруа қожалығын тіркетіп қойған. Бірақ, ортақ шаруада бірлесе қи­мылдайды. Жылыжай салу үшін көршінің қараусыз қалған үйін сатып алыпты. Қазір үшінші жыл қиярдың, қызанақтың, басқа да көк­өністің өскіндерін қымбат баға­ға сатып алмайды, өздері өсіреді. Артур болса аквапоника жү­йе­сін қолданып, балық өсіру­ге талаптануда. Бастапқыда сазан өсірмек. Қазір қажетті қон­дыр­ғыларды сатып алуда. Кофлерлер болашақта шабақтарды Воронеж балық питомнигінен сатып алуды көздеуде. Өздерінің инкубацияық цехын ашу да алдағы күндердің еншісіндегі шаруа. Әкелі-балалы фермерлер мұндай жобаны жүзеге асыруға шағын несиелеу бағдар­ламасы бойынша грант алу үшін бизнес-жоспар дайындауда. – Біздің бұл салада өз дипломды мамандарымыз бар. Екінші ұлым Эдуард Урал ауыл шаруашылығы институтында ихтиолог маман­дығына, қызым Эрика Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінде эколог маманды­ғына оқып жатыр, – дейді Эдуард Францевич. Эдуард Кофлер тынымсыз еңбек­тің адамы. Оның бір сәт бос отырғанын көрмейсің. Сондықтан да болар, табыссыз емес. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапат­тал­ды, өзі туып-өскен Қарғалы ауда­нында «Жыл адамы» атағын ал­ды, Алғыс хаттар мен мақтау қа­ғаз­дары өз алдына. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы