• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2016

Шешуші шепке жетті

262 рет
көрсетілді

* Дода Футболдан Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында 22 маусым күні топтық ойындар түгел ойналып бітті. Бұл күні соңғы екі топтың төрт командасы өзара күш сынасып, келесі кезеңге жолдама алатындардың толық нұсқасы түзіліп шығуын қамтамасыз етті. Енді 1/8 финалда қандай құрамалардың бір-бірлерімен күш сынасатындары да белгілі болып отыр. Топтардағы көшбасылардың тұлғалары белгілі болып қалған­дығынан шығар, турнирдің соңғы ойындарында күтпеген нәтижелер көбірек кездесті. Бұған қоса, осы тұстағы матчтардың бәрі өзде­рінің ымырасыз сипаттарымен жанкүйерлерді тәнті етті. Біз сөз еткелі отырған төрт кездесудің келбеті де дәл осындай тұжырым жасауға негіз бере алады. Аталған ойындардың арасында F тобындағы Венгрия – Португалия ұшырасуы өзінің ұдайы тартыс үстінде өтуімен бірге, голдарының да көптігі арқылы басқаларынан, сөз жоқ, бір сүйем болса да жоғары тұр. Бұл сондай-ақ осы кезге дейін өзінің шынайы таланты мен бом­бардирлік қабілетін көрсете алмаған Криштиану Роналдудың жұл­дызы жарқырап жанған к­елісті бір ойын болды. Ол матчта өз құрамасы салған үш голға да қатысып, солардың екеуіне авторлық етсе, біреуіне нәтижелі пас жасады. Сөйтіп, қорытынды есебі 3:3 болып біткен кездесу пор­­тугалдарды плей-офф кезеңіне шы­ғарды. Матчта дубль жасаған Роналду Еуропаның төрт чемпионатына қатысып, олардың бәрінде гол соққан тұңғыш ойыншы атанды. Бұған дейінгі екі ойынды тең аяқтап, турнир кестесіндегі жағ­дайы мәз болмаған Португалия ойынды қарқынды бастады. Себебі, оларға енді ұтыс ауадай керек еді. Бірақ Сантуштың шәкірттері допқа егелік етіп, қарсы қақпа маңынан шеңбер құрғаннан арыға бара алмады. Оның есесіне, мадьярлар бірінші қарсы шабуылының өзінде-ақ гол салып кетті. 19-минутта бұрыштан берілген допқа бұрын жеткен Золтан Гера алыс бұрышты солқ еткізді. Бұған португалдар 43-минутта ғана жауап қайтара алды. Осы тұста алаңның орта тұсынан Роналдудың алға ұмтылып ұру үшін жермен сыр­ғытып берген добына мадьярлар қорғаушысымен қатарласа жеткен Нани сәл жылдамдық танытып, оны голкипердің оң жағын ала торға қарай топ еткізді. Екінші тайм тіпті күтпеген көрі­ніспен көген керді. Бұл жолы Балаш Джуджак стандартты жағдайды қалай пайдалану керек екенін көр­сетіп берді. Оның жасаған соқ­қысы алдымен қорғаннан қайт­ты, ал екінші қайтара келген кезінде допты қақпа аумағына келіс­тіріп кіргізіп жіберді. Бірақ мадьярлар бұл қуаныштың қыр­манын көп тасытып тұра алмады. Арада минут өтпей жатып, Роналду қақпа алдындағы қарбалас сәтте допты өкшесімен сарт еткізіп, тордың аумағынан бір-ақ шығарды. Ал арада 6 минут өткеннен кейін Джуджак екі ойыншыны алдап өтіп, тағы бір допты дарбаза дәргейіне сүңгіте салды. Дубль. Бұдан соң 7 минут өткесін, Криштиану де екінші голын салып үлгерді. Осы есеп ойын соңына дейін өзгермеді. Сөйтіп, топтық кезеңдегі үш ойы­нын да тең бітірген португалдар алдына 5 ұпайдан жинаған Венгрия және Исландия терме жамағаттарын салып, 3 ұпаймен үшінші орынға тұрақтап, доп айырымының көрсеткіші бойынша плей-офф ойындарына қаты­сушылар дүрмегінен табылды. Бұл ойын Лионда ойналса, онымен бір мезгілде Сен-Де­ниде Исландия мен Австрия алаң­ға шықты. Мұның алдын­да португалдар­мен кездесуде 0:0 есебімен тең ойнаған ав­с­­триялықтар арал-мемлекет фут­болшыларымен ең соңғы минут­тарға дейін текетіресте келді. Бірақ 18-минутта Йон Бодварссон соққан гол негізінде жеңіліп тұрған олар тек 60-минутта Алессандро Шепф салған доптан кейін ғана таразы басын теңестірген. Осы шабуыл­шы сосын командасын алға да шығара алатын мүмкіндікті жіберіп алды. Мұның есесіне исланд Арнор Траустасон негізгі уақытқа қосылған 4-минутта жеңіс добын соғып кетті. Сонымен ойын да бітті. Түнге қарай Е тобындағы Ита­лия – Ирландия, Швеция – Бельгия өзара кездесті. Бұлардың екеуінде де номиналды алаң иелері болған командалар, яғни итальяндар мен шведтер жеңіліп қалды. Бұдан бұрыннан екі жеңістен кейін 6 ұпай жинап алған Аппенин түбегінің жігіттеріне еш залал келген жоқ, кестедегі бірінші орнын сақтап қалды, ал жалғыз ұпаймен жан сақтап жүрген скандинавиялық футболшылар соңғы орыннан жылжи алмай, жарыспен қош айтысты. Бұл ойындарда кімге үш ұпай керек болды, сол алға ұмтылды. Солардың бірі – ирландтар матч басынан оның тізгінін уысынан шығармады. Италиялықтар стандартты жағдайларда ғана қауіпті көрінді. Осылай аңдысуға құралған ұшырасудың 85-минутында Роберт Брэди гол салып, ирландтар мақсатына жетті. Келесі матчтағы жағдай да осыған ұқсас болды. Мұнда екі жақ жеңіске жетуді көздегенімен, соған жақын тұрғаны бельгиялықтар еді. Олар шведтерге қарағанда, қысымды көбірек жасады, соққыны да көп берді. Солардың бірі – Раджа Наингголан ұрған доп 84-минутта діттеген жерінен табылды. Осы­ның қорытындысында топтан 6 ұпайлы Италия мен Бельгия, 4 ұпайлы Ирландия шықты. Сонымен, ширек финалда Швей­цария – Польша, Уэльс – Солтүстік Ирландия, Хорватия – Португалия, Фран­ция – Ирландия, Германия – Словакия, Венгрия – Бельгия, Италия – Испания, Англия – Исландия кездеседі. Бұлардың алғашқы үшеуі – 25 маусым, келесі үштігі – 26 маусым, ал соңғы екі жұбы 27 маусым күндері ойналады. Матчтар сол реттерімен 19:00, 22:00 және 01:00 сағаттарда бас­талады. Ал соңғы күні командалар 22:00 және 01:00 сағаттарда сайыс­қа кіріседі. Бұдан әрі 30 маусымнан 3 шілдеге дейін ширек финалдық ойындарға кезек берілсе, 6 және 7 шілде күн­дері жартылай финалдық, 10 шілдеде финалдық кездесулер керуен түзеді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар