• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2016

Өркен мен «Өркендеу»

608 рет
көрсетілді

Буыны енді бекіп, бұғанасы әлі толық қатпаған шағында тағдыр бүкіл отбасы ауыртпалығын мойнына іле салды. Арасына жыл салып әке-шешесі иті жоқ ауылға қарай сапарлап кете барды. Алдымен анасы Гүлназ ауыр науқастан көз жұмды. Құдай қосқан қосағын қимады ма, бір жылдан соң әкесі Ерғали да қара жерді мәңгілік мекеніне айналдырды. Өзінен кейін үш інісі, бір қарындасы бар. Алды студент болса, қалғаны мектеп партасында білім алып жатыр. Әкесіне немере сүйдіртіп үлгерейін деп үйленіп еді. Ол арманы да орындалмай қалды. Тұтас бір әулеттің ауыртпалығы, жүгі мен жауапкершілігі жиырмадан жаңа ғана асқан Өркеннің екі иығына артылды. Ата-анасының аманатындай болған бауырларын жетілдіріп, әрқайсысын бөлек отау ету міндеті тұрды алдында. Оның жасындағы кей жігіттер әлі күнге ата-анасының есебінен күн көріп жүр. Ал Өркеннің олай еркелейтін уақыты жоқ. Өйткені, ол ендігі жерде бауырларына әке орнына әке, шеше орнына шеше болуы керек. Жастайынан құрылысқа жақын еді. Жаңа­қорғанда кейіннен салынған үйлердің көбісінде осы Өркеннің қолтаңбасы да бар. Құрылысқа жегіліп, қара жұмыстың қамытын мойынға мықтап іліп жүргенмен, еңбегінің ақталмасын сезді. Бұл кәсіппен жалғыз басын асырар-ау, бірақ бауырларын жетілдіруге жетпейді. Не істемек керек? Әрі-бері ойланып, бір тоқтамға келді. Соңғы жылдары елдің әлеуметтік жағдайы едәуір жақсарды. Халық бұрынғыдай қорасын жыңғылмен қоршай салмайды, үйінің қасбеттерін балшықпен сыламайды. Есік-терезесін әсемдеп, үйінің сыртын көркемдеп салады. Ал оған қажетті заттардың бәрін сырттан алдырады. Соны қолдан жасауға да болады ғой. Осы ойға табан тіреген Өркен Құрбанов астындағы көлігін сатып жіберді. Содан түскен 400 мың теңгеге гипс қалыптарын, қажетті шикізатын әкеліп кәсібін бастап кетті. Бүгінде шағын және орта бизнесті да­мытуға мемлекет айрықша назар аударып келеді. Мұның өзі жергілікті жерлерде кәсіпкерліктің кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатарының өсуіне септігін тигізуде. Ал бұл дегеніңіз өңір экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосады. Жаңақорған ауданы бойынша да жеке кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отырған адамдар жетерлік. Басым бөлігі мемлекет тарапынан қаржылай қолдау алса, бірқатары барын салып бизнесін бастау­да. Бұл тұрғыда елдегі құрылыс саласында отандық өнім сапасы жыл өткен сайын артып келеді. Былтыр Қазақстанда шығарылған құрылыс материалдарының көлемі мен оның құрамындағы отандық өнім мөлшері 75 пайызға жеткен. Әрине, құрылыс материалдарын 100 пайыз өзімізде өндіруге де мүмкіндік жеткілікті. Осы орайда, Жаңақорған кентінде гипс және бетон қоспасынан түрлі құрылыс материалын жасап жүрген Өркеннің еңбегі бірден елді елең еткізді. Еңбекқор жастың өніміне әзірге Жаңақорғанда бәсекелес жоқ. Бұрынғыдай үйдің айналасын жыңғылмен қоршап, ұрма балшықпен өрудің дәурені кетті. Осыны ескерген жас кәсіпкер түрлі түстегі бетон қоршаулар, гипстен терезе жақтауларын, іргетас қаптамасын, тепкішек тұғырларын жасауды қолға алған. Кәсібін бастағанына аз ғана уақыт болса да өніміне сұраныс бар. – Өзім құрылысқа жақынмын. Кенттегі бірқатар тұрғын үйдің қабырғасын қалауда қолтаңбам бар. Негізі бұл кәсіпті қолға алғаныма біраз уақыт болды. Алғашқыда қаржы қолбайлау болып, толыққанды жұмыс қуатына кірісе алмай жүрдім. Былтыр аудандық «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы «Даму» қорынан 2 миллион теңге жеңілдетілген несие алдым. Ол қаржыға жаңа қалып, қажетті қоспа ұнтақтарын алып, кәсібімді кеңейттім. Қазір бауырларымды жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы уақытта ақшаның ыңғайы келіп жатса, өзге де бизнес-жобалар бар,– дейді Өркен Құрбанов. Бүгінде Өркеннің бауырлары жанында. Бір інісі Түркістаннан жоғары оқу орнын бітіріп келсе, екіншісі Отан алдындағы борышын өтеп қайтты. Үш бауыры да қолқанат болып, әулеттік бизнестің өсуіне, өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Үйдегі жалғыз қызды ұзатып, құтты орнына қондырған. Ендігі кезекте інілерін аяқтандыруды ойлап жүр Өркен. Айтпақшы, өзі басшылық жасайтын ұжымға «Өркендеу» деп ат қойды. Құрбановтардың ортақ бизнесі өркендей берсін деп тілейміз біз де. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы
Соңғы жаңалықтар