• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2016

Алаш арыстарының афоризмдері

843 рет
көрсетілді

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Аманат» интеллектуалдық пікірсайыс клубының ұйым­дастыруымен «Алаш айт­қан асыл сөз» атты кі­таптың беташар рәсімі болды. Қазақстан Тәуелсіздігінің – 25, Алашорда үкіметінің 150 жылдығына арналған айтулы жобаның авторы, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Берік Уәли рухани шараға жиналған зиялы қауым өкілдеріне өзінің ризашылығын білдіріп, журналист Серік Жолдасбай тарихшы Еркін Ерланұлы секілді ұлтжанды серіктерімен бірлесіп  атқарған іргелі істерінің барысын баяндап берді. – Алаш қайраткерлерінің артында қалған асыл сөздерді жинақтауды арнайы қолға алдық. Әрине, олардың аузынан шық­қан ақыл-нақылдардың бәрін бірдей көзінен тізіп, көгендей алмағанымыз анық. Әйтсе де қолда бар қорды қайта бір қарап, тұғыры биік тұлғаларымыздың елдік мәселелерді екшеген мәйекті пікірлерін ұсынуға тырыстық, – деді ол отырғандарға ой тастап. Алғашқылардың бірі болып сөз алған жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай біздің кейбір атқамінер азаматтарымыз үлкен мінбелерден сөйлегенде дәйексөздерді көбінесе шетелдік саясат серкелерінің еңбектерінен келтіретінін, ал ұлтты ұйытар ұлы ойлар кешегі Алаш кемеңгерлерінің шығармаларында тұнып тұрғанын естеріне ала бе­р­мейтіндеріне қынжылатынын айтты. Филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев болса, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат­ұлы бастаған жақсыларымыз бен жайсаңдарымыз қолдарына қа­лам ұстағанда ең алдымен хал­қының қажетіне жарар дүниелерді жазғанын, сондықтан да олардың айтқандары уақыт уытына бой алдырмайтынын  атап өтті. Белгілі тіл маманы, профессор Шерубай Құрманбайұлы ел-жұртына жан-жүрегімен қызмет етудің үлгісін көрсеткен асыл ағаларымыздың афоризмдері оқырман олжасына айналғанын жақсылық жоралғысына балап, оның ендігі жерде өрелі өренде­ріміздің үстелүсті  кітабы болатынынан үміттенетінін жеткізді. Кітапқа ұзын-ырғасы 25 Алаш қайраткерінің күні бүгінге дейін мәнін жоймаған мақал-мәтелге бергісіз есті сөздері енгізіліпті. Олар­ды оқи отырып, сіз бен біздің де ой-өрісіміз біраз биіктерді шарлап қайтарына еш күмәніңіз  болмасын. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»  
Соңғы жаңалықтар