Жер планетасы 2-ші мыңжылдықты, яғни кезекті миллениумды дүрілдетіп қарсы алуға дайындалып жатқан. 1999 жылдың күзі еді...
АҚШ Мемлекеттік хатшысының өзі төте басшылық жасайтын Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) Мәскеу шаһарында БАҚ құралдары өкілдерімен әлемдік дәрежедегі бір ғажап кәсіби сырласу – семинар-тренинг өткізді. Оған бұрынғы одақтас республикалар арасынан Түрікменстан, Молдова мен Балтық жағалауы мемлекеттерінен басқа барлық республикалар өкілдері қатысты. Бас модератор – семинар-тренингке шығармашылық тұрғыдан «тұздық» болуы үшін, жиынға қатысушы әр республикадан танымал қоғам-мемлекет қайраткерлерінің қазіргі БАҚ туралы айтқан бір-бір ауыз қанатты сөзі қажет деген өтініш айтыпты.
«Егеменнің» 5-қабатында (Алматы) арқалы ақын Аян аға (Нысаналин) екеуі үндінің ши қамысының түтінін баяу бұрқыратып қойып, әңгімелесіп отырған сәтінде Шерағаның аузынан бейнекамераға жазып алған бір ойлы сөз есіме сап ете түсті. «Бүгінгі БАҚ-тың күш-қуатының өлшемі жердің тінінде орасан тектоникалық жарылыс жасайтын зілзаладан да, жалыны алапат өрттен де, жолындағысын жайпап өтетін тасқынды селден де асып кетті...» деген еді-ау сонда сөз зергері Шерағам, қаламның күші туралы құшырлана тебіреніп! «Ұрыста тұрыс жоқ», тез арада абыздың сол айтқандарын айна-қатесіз «буып-түйіп», электронды поштамен Мәскеу асырып жібердім.
Жиыннан оралған біздің Internews Network-Қазақстан – халықаралық жаңалықтар желісі (АҚШ) ұйымының делегациясы Шерхан Мұртаза ағамыздың атын ауыздарынан неше күн тастамай айтып жүрді! Алматылық әріптестерді сондағы желпіндіргені – Шерхан Мұртазаның әлгі сөзі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылып, үлкен залдың күллі қабырғасын алып, семинар біткенше шамшырақтай жарқырап ілініп тұрғаны екен...
***
Шерағаңның жасы биыл таяу күзде 84-ке толады.
Қолына қалам ұстамағаны болмаса, тың. Бақуат. Алматыда тұрып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары саласы қызметкерлері күні қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетінің бұрынғы басшысы, Қазақстанның халық жазушысы, қазақ журналистикасының ақсақал-абызы Шерхан Мұртазаны газеттің Алматы бөлімшесінің қыз-жігіттері құттықтап барып, гүл шоқтарын ұсынып, бетінен сүйіп, батасын алып қайтты. Газет басшысының арнайы бұйрығына сай тағайындалған сыйақы тапсырылды. Қарт қаламгер өз тарапынан ізбасар әріптестеріне шын жүректен алғысын айтты.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ