Кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Мәскеуде өткен «Единая Россия» партиясының XV съезіне қатысты.
Мұхтар Құл-Мұхаммед «Единая Россия» партиясының басшылығына «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан құттықтау хатты табыс етті. Өзінің құттықтау хатында Мемлекет басшысы съезд делегаттары мен қонақтарына ыстық ықыласын жолдай отырып, Қазақстан мен Ресей халықтарын ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы келісіммен бекітілген стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде дамытып отырған достық пен ынтымақтастықтың сан ғасырлық бауырлас қарым-қатынасы байланыстыратынын жеткізген. Еуразиялық экономикалық одақтың серпінді дамуы Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара сенімнің жаңа деңгейін көрсетеді.
Нұрсұлтан Назарбаев: «Екі елдің билеуші партиялары: «Нұр Отан» мен «Единая Россия» арасындағы өзара тығыз байланыс Қазақстан-Ресей қарым-қатынасын одан әрі нығайтатын маңызды тетік болып табылады. Жетекші саяси күштер арасындағы үнқатысу – Қазақстан мен Ресейдің барлық саланы қамтитын серіктестігінің салмақты факторы. Біз ресейлік әріптестерімізбен көпқырлы және сындарлы ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға, партияаралық байланысты жан-жақты кеңейтіп, тереңдетуге ниеттіміз», – деп атап өткен.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Ресей астанасында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Мұхтар Құл-Мұхаммед Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының төрағасы Сергей Нарышкинмен және «Единая Россия» партия бюросы жоғары кеңесінің төрағасы Борис Грызловпен кездесіп, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев көрсетіп берген «Нұр Отанның» алдындағы жұмыстардың басым бағыттары жөнінде айтты. Өз сөзінде партия Төрағасының бірінші орынбасары Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясына, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарына, «Нұрлы Жол» кең ауқымды бағдарламасына, сондай-ақ, «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі мен Ұлы Жібек жолын жандандыру мәселесіне, Мемлекет басшысының «Үлкен Еуразия» құру сынды қоғам назарына ілінген халықаралық бастамаларына ерекше көңіл бөлді.
Өз кезегінде ресейлік әріптестер Нұрсұлтан Назарбаевтың Санкт-Петербургтегі халықаралық экономикалық форумда және Ташкенттегі ШЫҰ-ның саммитінде сөйлеген сөздерінің ерекше маңыздылығын атап өтті. Өзбекстан астанасындағы басқосуда Қазақстан басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету құқын қабылдап алғанын айта кеткен жөн.
Кеше Мұхтар Құл-Мұхаммед Жапония либерал-демократиялық партиясының бас хатшысымен де кездесті. Казунори Танака өз елінің парламентіне жеті мәрте сайланған. Сондай-ақ, ол бүгінде Жапонияның билеуші партиясының сайлауалды штабын басқарады. Келіссөз барысында Казунори Танака Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы айрықша рөліне және оның халықаралық аренадағы жоғары беделіне тоқталды.
Мәскеуде Қазақстан-Ресей серіктестігінің ерекше мәртебесі ескеріліп, съездің ашылуына орай өткізілген салтанатты кездесуде Ресейге келген барлық отыз шетелдік партия делегациялары атынан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарына сөз берілгенін атап өткен жөн.
«Егемен-ақпарат»