Францияда өтіп жатқан футболдан Еуропа чемпионаты топтық турды аяқтағаннан кейін бір күндік үзіліс алып, 25 маусымда ширек финалдық плей-офф шайқастарын бастап кетті. Онда сенбі-жексенбі күндері 6 матч болып өтті. Қалған екі кездесу кеше түнде ойналды. Осылайша өрмектің жүзінен ауып кеткен біріншілік өзінің шешуші кезеңіне бет түзеді.
Біз сөз еткелі отырған ойындардың ішінде негізінен фаворит саналған жасақтар жарыс жолын жалғастыруға қол жеткізді.
Бұл ұшырасуларды сенбі күні Швейцария – Польша құрамалары бастап берді. Сен-Этьен қаласында өткен ойында поляктар жеңісті тістерімен тартып шығарғандай әрекетпен алға аттады. Кездесудің негізгі уақыты 1:1 болып бітті. Овертаймда ахуал өзгерген жоқ. Пенальти сериясы жекпе-жегінде Адам Навалканың шәкірттері 5:4 есебімен басым түсті. Берн берендері ойыннан кейінгі «лотереяда» жолдары бола бермейтіндерін тағы көрсетті. Олар соңғы рет бұдан тура 10 жыл бұрын, 2006 жылы әлем чемпионатында украиндарға да тап осылай ұтылып еді.
Шыны керек, швейцариялықтарға 1/8 финалға шығудың өзі үлкен сәттілік болды. Бірінші матчта Фабиан Шердің тез гол соғуы арқасында албандарды жеңген олар келесі екі матчта (румындармен – 1:1, француздармен – 0:0) тең ойнап, топтан екінші болып шықты. Бірақ жұрт сүйсінетіндей ойындары бола қоймады. Бұларға қарағанда, поляктар біршама жақсы әсер қалдырды. Олар Украинаны айтарлықтай еркін ұтты (1:0), Солтүстік Ирландиядан да біраз артық көрінді (1:0), ал Германиямен айқаста өз қақпасы құлпын аштырмады. Есепті кездесуде де бірінші болып гол соқты. Оны турнир басталғалы бір жарқырап көріне алмай келген Роберт Левандовскидің орнына лидерлік тізгінін ұстаған Якуб Блащиковски 39-минутта гол салды. Бірақ Польша екінші таймда инициативаны беріп қойды. Бұл аралықта швейцариялықтардың жорықтары қауіпті болып тұрды. Олар 82-минутта Джердан Шакиридің қайшылап ұру арқылы гол соғуымен таразы басын да теңестірді.
Парижде алаңға Уэльс пен Солтүстік Ирландияны шақырған келесі матч өзінің британиялық дерби тұрпатымен қоймай, оған қазылық еткен төрешілердің де Альбион жерінің өкілдері болып шығуымен ерекшеленді. Матч тартысқа толы өтті. Бірақ ол әсіре қызығымен емес, екі жақты текетіресінің көптігімен көзге түсті. Ойын барысында фаворит саналған валлийліктер жұлдыздары Арон Рэмзи мен Гарет Бейлдің тасада қалып қоюлары қарсыластар мүмкіндіктері ара салмағын теңестіріп жібергендей әсер етті. Олар бірінен-бірі асып түсе алмады. Шаппа-шап айқас Гарет Макаулидің 76-минутта қақпа алаңында Бейлге қарай көлбей ұшып келе жатқан доптың жолын кеспек болып, оны өз торына қарай сүңгітіп жіберуімен аяқталды. Осы автогол Уэльсті жеңіске жеткізді. Сөйтіп, бұл құрама 1958 жылдан бері бірінші рет ширек финалда ойнау құрметіне ие болды.
Сенбі күні алаңға ең соңынан Хорватия және Португалия командалары шықты. Бұл ең бір шиеленіске толы матч болды. Кездесу алдында екі жақ та алдына қалайда келесі кезеңге өту міндетін қойды. Топта Испания, Чехия және Түркия командаларымен таласқа түскен хорваттар күтпеген жерден бірінші орын алды. Ал оған қарағанда, әлдеқайда әлсіз саналатын Венгрия, Исландия және Австрия футболшылары тобына қосылған Португалия үш ойынды да тең аяқтап, 1/8 финалға әрең шықты. Сонда да болса, аталмыш матчта екі жақтың мүмкіндіктері бірдей саналды. Бұған мадьярлармен соңғы ойында чемпионат сөре жазғалы бері бірінші рет жұрт көңілінен шығатындай шымыр ойын көрсетіп, командасы соққан үш голға да түгел тікелей қатысқан Криштиану Роналдудың бабына келе бастауы басты себеп болды. «Еуропа бразилдерінің» капитаны мұндай сенімнің бекер емес екенін ойын барысында ақыры бір танытты. Бір-бірлерін кездесу келесінде ала алмаған бәсекелес жұп оның негізгі уақытын есеп ашпаған күйі тәмамдады. Бірақ португалдар ойынның эндшпилінде едәуір белсенді көрінді. Мұнда бас жаттықтырушы Фернанду Сантуштың өткен кездесуде жүзеге асырған тактикасын қайта қолдануы үлкен рөл ойнап кетті. Атап айтқанда, ол Ренату Куарежманы тағы да тартыс қызып жатқан кезде алаңға шығарды. Бұл жолы негізгі мерзім бітуге 3 минут қалғанда ғана көрінген 18 жастағы жартылай қорғаушының овер-тайм үшін дайындалғаны белгілі болып қалды. Ал қосымша уақытта алдыңғы шепке көп күш қосқан ол бұған дейін Домагой Виданың бір өзі-ақ әрбір оқыс қимылдарын «тұншықтырып» тастап тұрған Роналду мен Нанидің жүктерін бірден жеңілдетіп сала берді. Осы тұста Португалия құрамасы шындап атқа қонды. Сол жойқын жорықтардың бірінде оң қапталдан құйғытып келіп ұрған Криштианудың соққысын хорват голкипері Даниель Субашич қайтарып үлгерді. Бірақ доп алдына қарай түсті. Оны сол кезде жүгіріп келіп қалған Куарежма қақпаға қарай тура бағыттап үлгерді. Гол! Сөйтіп, португал командасы жеңіске жетті.
Жексенбі күні Лионда Ирландиямен күш сынасқан Франция Антуан Гризманн 58 және 61-минуттарда салған екі голдың арқасында ширек финалға баратындар сапына қосылды. Бірақ бұл ойынның барысы олар үшін оңай басталған жоқ. Ирландиялықтар кездесудің 118-секундында пенальтиден гол соғып, бірден алға шығып кетті. Ол Поль Погбаның өз айып алаңында қарсыластар шабуылшысын қағып түсіруіне байланысты белгіленді. Осы жолы Робби Брэдди соққан гол Еуропа чемпионаты тарихында ең тез соғылған екінші гол болды. Ал бірінші орында 1974 жылы голландиялық Йохан Неескенстің 87-секундта соққан голы тұр. Алаң иелеріне қарсыластарының қарсылығын басып, өзін алға шығару үшін көп тер төгуге тура келді.
Бұдан кейінгі екі ойын да ірі есептермен аяқталды. Алдымен Лилльде Германия Словакияны 3:0 етіп ұтты. Осы арқылы немістер чемпионатта қақпасын голдан сақтап қалып тұрған уақытын 360 минутқа жеткізді. Ал голдарды Жером Боатенг (8-минут), Марио Гомес (43) және Юлиан Дракслер (63) түсірді. 14-минутта Месут Озил пенальти ұра алмай қалды. Шапқан сайын өрлеп келе жатқан Бельгия құрамасы бұлардан да асып түсті. Ол Тулузада Венгриямен өткен ойында 4:0 деген есепті тіркеді. Бельгиялықтар мұндай зор басымдыққа ойынның соңғы 12 минуты ішінде қол жеткізді. Ал есепті олар 10-минутта айып добын ұру барысында ашқан еді. Оны Тоби Алдервейрелд түсірді. Жеңімпаздар сапындағы қалған голдарды Миши Батшуайи (78), Эден Азар (80) және Янник Феррейра-Карраско (90+1) соқты.
Кеше кешке Италия – Испания, Англия – Исландия кездесулерімен 1/8 финал ойындары аяқталды. Ширек финалда Польша – Португалия, Уэльс – Франция, Германия – Италия – Испания, Бельгия – Англия – Исландия ұшырасады.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»