Кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Ақпарат және байланыс қызметкерлері күніне арналған «Жас медиа. Ақпараттық технологиялар мен Қазақстан медиа саласының заманауи тұжырымдамасы» тақырыбында форум өтті.
Бүгінгі таңда журналистика саласына құлшыныс танытып келетін жастарға қолдау көрсету және олардың қоғам арасында ақпарат алмасу жүйесін дамытуға үлес қосу, сондай-ақ, ақпараттық технологияларды дамыту және IT-мамандықтардың беделін арттырып БАҚ және баспасөз қызметтерінің біліктілігін көтеру мақсаты көзделген форумды «Пресс-центр Азия» қоғамдық қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ұйымдастырды.
Сонымен қатар, Қазақстан Жастар конгресінің қатысуымен өткен іс-шарада жас журналистердің кадрлық әлеуетін арттыру, оқиғаларды халыққа объективті әрі сапалы жеткізу тақырыптары жан-жақты қамтылды. Бұл ретте сөз алған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жалпы алғанда, еліміздің жастарына мол үміт артатынын және осында болашақ министрлер мен медиа басшылары отырғанына сенетінін жеткізді. Бүгінгі күннің білім саласындағы өзекті тақырыпқа айналған үштілділік мәселесіне тоқталған ол, осы мәселе көтерілсе болғаны, жұртшылықтың бірінші кезекте ағылшын тілін ойға алатынын айтты.
Бұл ретте ол үштілділік – ең бірінші қазақ тілі туралы бағдарлама екендігін ескерте отырып, әуелгіде қазақ тіліне мән берілуі тиістігін назарға алды. Оның айтуына қарағанда, қазақ тілінің жағдайы қазіргі таңда жаман емес, яғни бүгінде оқушылардың 70 пайызы қазақ тілінде оқиды. Оған дәлел, күні кеше өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуді 72 пайызға жуық оқушы қазақ тілінде тапсырған.
Дегенмен, орыс мектептерінде оқитын 500 мың баланың қазақша сөйлемейтіндігі басты мәселелердің бірі екендігін айта келе, министрлік алдында алдағы 3-4 жылда осы балаларды қазақша сөйлету міндеті тұрғандығын көлденең тартты.
«Түсінікті жағдай. Әдістеме дұрыс емес. Ең алдымен дұрыс әдістеме жасау керек. Бірнеше зияткерлік институт бірлесіп осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатыр. Жаңа әдістеме дайын болса, 2017 жылдан бастап орыс мектептерінде қазақ тілінде өтетін сабақтар өзгере бастайды. Заманауи ғылыми негізде жасалған, компьютерлік модельдеуден өткен, алты айда тіл үйрететін әдістеме жасап жатырмыз. Үш жылдың ішінде балалардың барлығы қазақша сөйлейді. Мен оған сеніп отырмын», деді министр өз сөзінде.
Сондай-ақ, әлемде екі тілде бірдей ойлайтын жастары бар елдің аз екендігін, осы орайда екі тілді еркін меңгерген азаматтардың басқа да тілдерді білуі тіпті оңай болатынын атап айтты.
Көрші елдермен салыстырып көріңіз, кімдер бар орыс тілін мінсіз сөйлейтін? Біз осы жерде ұлт ретінде қаншалықты ерекше екендігімізді, тілді тез уақытта меңгеруде қазақтардың қабілетін білеміз.Тек дұрыс әдістеме мен оқыту жүйесін жандандыру қажет», деді министр.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан»