АҚШ-тың Калифорния штатында орналасқан Google X кеңсесінде киіз үй тігілді. Бұл жаңалықты алғаш болып компания қызметкері, Қырғызстан азаматы Тілек Мамутов facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында хабарлады.
– Google X кеңсемізде киіз үйдің орнатылуына Эмили және Ричард есімді әріптестерім көмектесті. Оларға алғысым шексіз. Интернет арқылы байланысқанымызда өтініш-тілегімізді жерге қалдырмады. Алдағы уақытта бұл орын меймандармен кездесуге арналған бөлме ретінде пайдаланылады, – деді Тілек Мамутов.
2014 жылы Қазақстан мен Қырғызстанның бірлесуімен киіз үйді жасаудың дәстүрлі мағлұматы және өнері ЮНЕСКО-ның тізіміне енген болатын.
Google X қазіргі таңда Alphabet холдингінің құрамында. Негізінен перспективті технологиялар шығарумен айналысады. Олардың арасында жүргізушісіз жүретін автомобиль, шынайы өмір көзілдірігі, атмосфераның стратосфера қабатында интернетке кіру, адам сөзін тануды, сонымен қатар видеодағы, ғаламтордағы нысандарды анықтайтын оқыту нейтрон желісі бар.
Айта кетейік, көшпелі халықтардың баспанасы болған киіз үй бүгінде көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Мәселен, осыдан бірнеше ай бұрын Канадада Майкл Джеффри есімді студент ықшамдылығы, үнемділігі, қолайлығы үшін ежелгі жұрттар баспанасын құрып алған. Ал Голливуд жұлдызы Леонардо Ди Каприо 10 күндік демалысын Моңғолияда киіз үйде өткізген.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»