«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының «Сұңқар» балалар сауықтыру лагері Көкше өңіріндегі Зеренді көлінің жағалауындағы «Көкшетау» ұлттық саябағында орналасқан. Мұнда екі апта ішінде компанияға қарасты еншілес ұйымдар қызметкерлерінің 2 мыңға жуық балалары демалып, денсаулықтарын түзетеді. Әсіресе Қызылорда, Маңғыстау және басқа облыстардан келген жеткіншектердің алған әсерлерін тауысып айта алмайсың. Жақында лагерьде екінші маусымның салтанатты ашылуы болды.
– Екі апта тез өте шығады, мен балалардың жақсылап демалып, тынығуларына тілектеспін. Табиғатты аялап, өз елдеріңізді шын сүйіңіздер. Демалысты жақсы өткізіп, оқуда озат болыңыздар, – деді «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бизнесті қолдау жөніндегі басқарушы директоры Серік Кеулімжаев.
«Сұңқар» сауықтыру лагерінде толыққанды демалу үшін жан-жақты жағдай жасалған. Балалар жайлы тұрғын корпустарда тұрады. Әр нөмірде санитарлық торап, душ бөлмесі жұмыс істейді. Кешен аумағында баскетбол, волейбол, футбол ойнауға арналған алаңдар бар. Суға түсіп жүземін десең екі бассейн ашылған. Сондай-ақ, тренажер, кино залдары да толық қызмет көрсетеді. Жеткіншектер сүйікті істерімен айналысып, уақыттарын мәнді өткізеді.
Демалыс кезінде балалар Бурабай ұлттық саябағына барып саяхатқа шығады. Абылай ханның алаңында болып, табиғат музейінің жәдігерлерімен танысады. Әрине, жаяу жорықта гитараға қосылып ән шырқайды. Түрлі концерттер мен дискотекаларға қатысып, өнерлерін көрсетеді.
– «Сұңқар» сауықтыру кешенінде көптеген балалармен танысып, достастым. Олармен бірге өз өнерімді көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шықтық. Жалпы алғанда лагерьде демалып тынығу өте көңілді. Кешен қызметкерлері бізге талай нәрсені үйретті. Өйткені, мұндағы табиғаттың өзі ғажайып емес пе. Бәрі шынайы әрі әсерлі, – дейді 2-ші жасақтың мүшесі Мерей Мұхаметжан.
2001 жылдан бері «Сұңқар» сауықтыру кешені жазғы маусымда 23 мыңнан астам баланы қабылдап, жақсы тынығуларына жағдай жасады. Негізінен олар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қарасты еншілес кәсіпорындар мен бөлімшелердің балалары. Жеткіншектердің көпшілігі табиғаты қаталдау Қызылорда, Жаңаөзен, Маңғыстау сияқты өңірлерден келді. Әрине, олардың бәріне Ақмола облысының аумағындағы қарағайлы ормандардың көркемдігі көңілдерінен шығып, денсаулықтарын шыңдауға себебін тигізгені сөзсіз.
Балалар бір-бірімен шүйіркелесіп жатқан сәтте, бір кездегі лагерьде өткен күндерін ұлттық компанияның басқарушы директоры Серік Кеулімжаев та есіне түсірді.
– Мен кеңестік кезеңде туып-өстім. Жыл сайын жазғы каникул күндерін пионер лагерінде өткізетінмін. Кей кезде бос орын таба алмай шатырларда жатқанбыз. Ол уақыттағыны қазіргімен салыстыра алмайсың. Екеуінің арасы жер мен көктей. Өйткені, бүгінгі күннің лагерьлері заманауи жабдықтармен жабдықталған. Керекті нәрсенің бәрін табасың. Жалпы алғанда лагерьде демалғанға не жетсін. Жаңа достар тауып, ой-өрісің кеңейетіні өз алдына. Бір сөзбен айтқанда, лагерьде бәрі тамаша, – дейді Серік Кеулімжаев.
Көркімен көз тамсандыратын Көкше өңіріндегі балалар лагерьлерінде қазір нағыз қызықты шақ. Жаз жайнатып, күн күлдіріп, мәре-сәре болған жеткіншектердің қуаныштары шексіз болғай. Олардың алаңсыз демалуына жағдай жасаған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жұмысы атап айтуға әбден лайық.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан»