• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2016

Өрмекшінің торы

588 рет
көрсетілді

немесе «Фирма Дәуір и Д» ЖШС бұрынғы директоры неліктен жазаланды? Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қолдауға пәрмен беріп, елімізде бұл бағытта көптеген бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Алайда, үлкен күш-жігер жұмсалып отырғандығына қарамастан бұл салада әлі де проблемалардың бар екені байқалады. Соның жарқын бір дәлелі «Фирма Дәуір и Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры Дабырқұл Тоғызбаевтың басындағы жағдайды атап айтуға тұрарлық. Оқырманға түсінікті болу үшін алдымен барлығы неден басталғандығына тоқталсақ. 2003 жылы «Фирма Дәуір и Д» ЖШС тіркеуден өтіп, өз жұмысын бастайды. Бұл ретте аталған серіктестіктің 40 па­йызы Д.Тоғызбаевқа тиесілі де, ал Е.Атағұлов пен А.Кузнецов әрқайсысы 30 пайыздық үлеске ие болыпты. Сонымен, аталған се­рік­тес­тік Астана қаласы Ком­сомольский кентіндегі ДЭУ-207 №8 үйде (қазіргі «Астана Опера» театрының орны) ор­наласқан жылу қазандығы мен жер телімін сатып алу тен­деріне қа­тысады. Тозығы әбден жеткен қазандық ғи­ма­ратын алғаннан ке­йін серіктестіктің екі құ­рыл­тайшысы ақша­лары­ның жоқ­тығына бай­ланысты үлестен шы­ғатындарын мә­лімдейді. Реті келгенде айта кету керек, Астана қа­ласының мемлекеттік мүлік және жекешелен­ді­ру аумақтық комитетінің бұ­рынғы төраға орынбасары Ақылбай Нұрмағанбетов «Фирма Дәуір и Д» ЖШС ди­ректоры Д.Тоғызбаевтың атына жазған хатында сатып алу шартына сәйкес қа­зандық Комсомолский кен­тіндегі тұрғын үйлер мен ұйым­дарды тұрақты жылумен қамтамасыз етуі міндетті екендігін, олай болмаған жағ­дайда сату-сатып алу шарты бұзылатындығын да ескерткен. Содан кәсіпкер несие қаржыға жаңа ғимарат салып, оңтүстіккореялық екі қазандық сатып алып, ор­натады. Сол қазандықтар ар­қылы жақын маңдағы тұр­ғын үйлер мен ғимарат­тар қысқы мерзімде жылыты­лады. Барлық шығынды кә­сіп­­кер өз қаражаты есе­бі­нен жүзеге асырыпты. Д.То­ғызбаев жалғыз құ­рыл­тайшы ретінде енді Са­рыарқа аудандық әділет бас­қармасына қайта тіркеу құжаттарын тап­сыр­­ған. Осы жерде кәсіпкерді жал­­­ғыз құрылтайшы ре­тінде мойнына алған мін­деттемені әрі қарай қалай орындайтындығы, ақшаны қайдан алатындығы және серіктестік жұмысын қалай дамыту керектігі қат­ты ма­залағандығын да ескере кет­кен орынды. Кәсіпкер зайы­бы Сәлима Әбенованың ай­туынша, осы бір қиын сәттерде кәсіпкердің «Тех­нопарк» АҚ-та жұмыс іс­теген кездеріндегі таны­сы Княжев Дмитрий Ни­ко­лаевич кабинетіне кіріп ке­ліп, қажетті адамдар мен қар­жы табамын дегеннен кейін серіктестік директоры оны құрылтайшы ре­тінде енгізуге келісімін бер­гендей болады. Дей тұр­ғанмен, «Фирма Дәуір и Д» ЖШС директоры ре­тінде Д.Тоғызбаев се­рік­тес­тіктің барлық құ­жат­та­рын Астана қаласы әді­лет департаментіне 2004 жылдың 10 тамызында өзі өткізеді. Алайда, араға жи­ыр­ма күн салып, яғни 31 тамызда белгісіз біреулердің құжаттарды қайтарып алуымен түзетілген нұсқасы тап­сырылған. Әділет ми­нистрлігінің Сот сараптамасы орталығы анық­тағандай, «10» деген цифр көк сия­мен жазылса, артынан қара сиямен «31» дегенге түзетіліп, үстінен боялып, қайта көк сиямен «31» деп жазылған. Ар­тынан Княжев Дмитрий Николаевич «Фирма Дә­уір и Д» ЖШС бүкіл құжат­тарын Астана қалалық әді­лет департаментіне өзі өт­кізгендігін сотта мо­йын­дал­­ған. Оның бұл сөздері жазбаға да жазылып алыныпты. Шаруаға пысық әрі табыстың көзін білетіндей көрінген танысы осындай жолмен өз інісі Княжев Па­вел Николаевич пен аза­мат­тық зайыбы Княжева (Мадырайымова) Қарлығаш Шаймұратқызын (інісін 34 пайыз, ал азаматтық зайыбын 33 пайыз үлеспен) серік­тестікке құрылтайшы ретінде ен­гізіп жіберіпті. Және де К.Кня­жева (Мады­райымова) ұйымның жар­ғы­лық қорына 6 миллион теңге құйды делінеді. Бұл рет­те аталған қаржының се­ріктестікке құйылғандығы туралы бухгалтерлік кірісте де көрсетілмепті. Олай болса жарғылық капиталға кіруі қаншалықты заңды дей аламыз? Бұл ретте талапкердің адвокаты К.Мушкенованың атап өткеніндей, П.Княжев пен К.Ма­дырайымованың жар­ғы­лық қорға нақты қар­жы құй­ғандығын растайтын нақты құжат­тары жоқтығын Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі апел­ляция­лық алқасы назар­ға ілмеген. Сондай-ақ, сот «Фир­ма Дәуір и Д» ЖШС құрыл­тай­шысы Д.То­ғыз­баевтың 33 пайыздық үлесі барын қаперге де алмас­тан, се­ріктестіктің 45 миллион теңгесін қарыз ретінде оның мойнына арта салған. Ол ол ма, Сот сараптамасы ор­та­лығының 11 желтоқсан 2015 жылғы №3750 сараптама қорытындысы серіктестік жарғысында қойылған қол Дабырқұл Тоғызбаевқа тие­сілі еместігін анықтаған. Бұ­­дан басқа, 2016 жылғы 15 наурыздағы №404 са­рап­­тама қорытындысы се­ріктестіктің 2004 жылғы 25 тамыздағы жалпы жиналысы хаттамасының кө­шірмесіндегі «Жи­налыс төр­ағасы» жолағында­ғы Д.Тоғызбаевтың атынан қойылған қол да өзге біреумен жасалғандығын көрсеткен. Негізінен Д.То­ғызбаев ол жиналысқа қа­тыспаған, сон­дықтан қол қо­юы да мүмкін емес екен. Са­раптама әзірге бұл қолдар­ды кімдердің қойғандығын анық­тай алмай отыр. Себебі, са­лыстыруға қажетті қол­дардың (түпнұсқа емес қол­­ды орындаушы саналы түрде өз қолтаңбасының бел­гілерін өзгертеді) болмауы. Және де 2016 жылғы 23 сәуірдегі №275 сараптама көрсеткендей, серіктес­тік жарғысының соң­ғы бе­­тінде «Д.Тоғызбаев», «К.Ма­ды­ра­йымова», «П.Кня­­жев» жа­­зуларын орын­да­ған қол­таң­баны Д.Княжев жүзеге асыр­ғаны белгілі бо­лып отыр. Сол сияқты атал­ған серіктестік жар­ғысының «Құрушылар» бағанында орналастырылған К.Ма­дырайымованың атына қойылған қол оның өзі­мен емес, басқа кісінің қо­лымен орын­дал­ғандығын көрсеткен. Бұл сараптамаларды жазып отырғандағы мақсатымыз серіктестік о баста сырттың ықпалына түс­кендігін көрсету. Оның артында кімдер тұрғаны әзірге белгісіз. Бір анығы «Фир­­ма Дәуір и Д» ЖШС бүкіл құжаттары Әділет де­партаментіне өткізілгенде өзгеріске ұшырағандығы. Оны жүзеге асырған адамдарды жо­ға­рыда атап кеттік. Тағы бір қызғылықты жайт­қа назар аударта кеткенді жөн көріп отырмыз. Астана қа­ласы Есіл аудандық со­ты­ның 2015 жылғы 13 сәуір­дегі қаулысына сәйкес Д.То­­ғызбаевтан «Фирма Дәуір и Д» ЖШС пайдасына 1000000 теңге өндіріп алу көзделген. Қаулыға сәйкес Дабыр­құл Тоғызбаевтың «Рухаз» ЖШС жар­ғылық қорындағы 45 пайыздай үлесін Астана қаласы атқару­шылық ок­ругінің жеке сот орындаушысы Қуатбек Молда­баев тарапынан 9 миллион 358 мың теңгеге сатыла­ды. Жарайды 1 миллион теңгені өндіріп алсын де­лік, сонда қалған бөлігі қай­да кетеді, бұл да бір сұ­рақ. Не керек, осы үлесті сатып алған Марат Тик­ше­кеевтің құрылтайшы ретіндегі тіркеуді Сары­ар­қа ауданының әділет бас­қармасына өзі емес, баяғы комитет төр­аға­сы­ның орынбасары Ақыл­бай Қыдырғалиұлы Нұр­мағанбетов апарып тір­кеткен. Жалпы, таласқа түс­кен ақша қайдан келіп еді? 2010 жылы жылу беру қазандығы орналасқан ғимараттың жер телімі мемлекет меншігіне 45 миллион теңгеге сатып алынады. Осы ақшадан барлық міндетті төлемдер мен несие қарыздары толық өтел­геннен кейін қалған 26 мил­лион теңге Қарлығаш Княжеваға тиесілі «Азиза» ша­руашылық қожалығына картоп егу үшін беріледі. Тіпті, «АСТРА-АГРО» ЖШС Д.Княжевтің «Ро­мано» картофелін сатып алғандығы туралы шығыс жүкқұжаты да бар. Онда картоп ұрығы үшін 3 миллион 800 мың теңге төленгені туралы түбіртекте нақ­ты көр­сетілген. Сол жылы кар­­­топ өнімі шықпай, ша­­­руашылық қожалығы шығын көреді. Өкінішке қарай, бұл істі тергеу әлі жүргізілмеген жә­не де еш­кім оны тек­се­ру­ге қызы­ғу­шылық танытып жат­қан жоқ. Со­нымен, «Фирма Дәуір и Д» ЖШС мен «Ази­за» ара­сындағы жа­салған келісімшарт Ас­тана қаласы арнайы аудан­аралық эко­номикалық со­ты тарапынан жарамсыз деп танылған. Бұдан кейін Д.Тоғызбаевтың қа­тысуынсыз өткен үлескер­лердің жалпы жиналысында оны директорлық қызметінен босатқан. Айта кету керек, кәсіпкер не сотқа да, не серіктестіктің жиналыстарына шақырылмапты. Бірақ соған қарамай, 2012 жылы бұл орынға келген Есов Жанат Елубайұлы­ның атынан қылмыс­тық іс қозғау туралы арыз тү­сіп, тергеуші Ғ.Қосмұратов қыл­­мыстық істі сотқа жі­береді. Төрт айға созылған сот процесінде Сарыарқа ау­дандық қылмыстық іс­терді қарайтын соты қарау мерзімі өтіп кеткеніне байланысты істі қысқартады. Бұл орайда қылмыстық құ­­рам болмағандық­тан іс азаматтық заңдылық шең­берінде қаралуы тиіс деген оң шешім шығарылған. Алайда, 2014 жыл­дың 2 шіл­десінде Астана қалалық апелляциялық сотының ше­­­шімімен Д.Тоғызбаев бес жыл мерзімге бас бос­тандығынан айырылады. Сөйтіп, кәсіпкерлік­пен айналысамын деп сотты болған жанның ба­сын­дағы жағдай осындай ауырт­палыққа ұласады. Бір қы­зығы, Астана қаласы арнайы ауданаралық эко­но­микалық сотында «Фир­ма Дәуір и Д» ЖШС өкілі Д.Мұқажановтың талап арызымен «Азиза» шар­уа қожалығымен арадағы ке­лісімшартты заңсыз деп табуға қатысты процесте К.Дарбанов соңғысының атынан жауапкер ретін­де тіркелген болса, 2016 жыл­ғы «Фирма Дәуір и Д» ЖШС хаттамасында П.Кня­жев атынан сенімхат бойынша Д.Княжевті директор ретінде тағайындау шешіміне қол қояды. Осы­лайша К.Дарбановтың екі жақта да жүруі нені біл­діреді? Кәсіпкердің зайы­бы Сәлима Әбенова өз сө­зінде бірқатар құ­зыр­лы органдарға ша­ғым жаз­ғанымен, мардымды жауап ала алмаған. Тіпті, Бас прокуратураға дейін ша­ғымданыпты. Алайда, әлі күнге дейін сот процес­те­рінде ескерілмеген фак­ті­лерге назар аударту қиын­ға тү­сіп отыр. Сон­дықтан жа­­ңа­дан пайда бол­ған мән-жайларға байланыс­ты қылмыстық іс қайта қаралса жөн болар ма еді. Өйткені, Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығы анық­тағандай, «Фирма Дәуір и Д» ЖШС құжаттарындағы қолтаңбалар мен деректер және қол қою мерзімі бұр­­маланған. Бұл өз ке­зегінде күдікті адамдарды анықтауға мүмкіндік бермей отыр. Соның салдарынан серіктестіктің бұрынғы басшысы Д.Тоғызбаев пен оның отбасы әлі күнге жапа шегіп келе жатқандығын айта кеткен жөн. Істі болған отағасының тағдыры отбасы мүшелерінің денсаулығына, моральдық-псих­о­логиялық жағдайларына кері әсер етуде. Кәсіпкер зайыбының өзі осы жағдай орын алған­нан кейін бірнеше рет ауру­ханаға жатып шыққан. Қорыта айтқанда, кәсіп­кер­лік­пен айналысу әлі де оң­ай еместігін көрсетіп отыр. Қазір үй қамағына шық­­қан «Фирма Дәуір и Д» ЖШС бұрынғы басшы­сы Д.Тоғызбаев әлі де әділ­діктен үмітті. Әлемдік бизнес жасау рейтингінде 42-ші орынға көтерілген Қазақстан кәсіпкерлерге барлық жағдай жасап отыр­ған ел ретінде танылып келеді. Осы тұрғы­дан алғанда кәсіпкердің ба­сындағы бұл жағдай құ­зыретті органдар тарапынан қайта жіті қаралуы тиіс. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»