Илья Жақанов мерейтойын айтулы құрдастарымен бірге Оңтүстікте атап өтті
Сонау Біржан сал, Ақан сері әндеріндегі ұлттық сарынды, қазаққа тән қоңыр бояуды жоғалтпай халықтық дәстүрде ән жазып келе жатқан Илья Жақановты бүгінде көдедей көп композиторлардың қатарына қоса салу қиянат болар еді. Замандасы Шәмші Қалдаяқовпен бір қатарда тұрған Илья Жақанов ұстазы Ахмет Жұбановтың дем беруімен музыка тарихын зерттеуге ден қойды.
Жақында Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрында өткен Илья Жақановтың шығармашылық кешінің шымылдығы Сәуле Жанпейісованың орындауындағы «Толағай» әнімен ашылды. Тау баурайында жылқысын жусатып салып, қайың құрығына иегін төсеп, толғанып салған әнім жетер ме екен деп сүйгенін аңсаған жылқышы жігіттің әні.
– «Толағай» үлкен тау ма? – дейді қасымда отырған Мемлекеттiк қызмет iстерi министрлiгiнiң ОҚО бойынша департаментiнiң бастығы Берік Бекжанов. Не дерсің. Біздің ауылдың тауы ғой. Сол Толағайдың баурайында аунап-қунап өстік. Таудан гөрі жота, одан биігірек төбе десең де болады. Талай рет шөбін шаптық. Алатау емес, Қаратаудың бір қолаты сияқты ғой.
Атақты композитордың әні арқылы өзін он, жүз орайтын таулардан бағы асып, мәшһүр болып жатқан Толағай сағыныш әні болып құйылады. Әдемі кешті қазақтың айтыс өнеріндегі тұлғалардың бірі, өзі де, сөзі де көркем Аманжол Әлтаев жүргізіп отырды. Бүгінгі айтыс өнерінің анасына айналған Әселхан Қалыбекова ағасына арнау өлеңін оқыды.
ОҚО мәслихатының хатшысы Қамытбек Айтөреев мерейтой иесіне облыс әкімінің құттықтау хатын оқып, иығына шапан жауып, ат мінгізді. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, арынды ақын Маралтай Ыбыраев құттықтау хатпен бірге 70-ке келгенде суретші мамандығын алған ағасына арнаған «Натюрморт» өлеңін оқыды.
Аманжол Әлтаев сахна төріне Илья Жақановтың өмірдегі сыйлас жақын достары, бүгінде 80 жасқа қатар толып жатқан академиктер Өмірзақ Айтбаев пен Мырзатай Жолдасбековті шақырған. Сахнада қазақтың үш бәйтерегі жарасып отырды. Бірі – еліміз Тәуелсіздік алғанда Елбасының қасында болып, Қазақстанның баянды болашағының негізін қалаған, қазақ тарихының шегін Орхон-Енисей жазбаларына тіреген айтулы тұлға. Бірі – Қазақ ғылым академиясының көрнекті өкілі, ғылым көкжиегін кеңейткен абыз. Үшіншісі – қазақ ұлттық музыка өнеріне теңіздей үлес қосқан, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырған айтулы композитор, ән әлемінің Алатауы. Оңтүстікте осындай тамаша кештің өтуіне ұйытқы болған белгілі заңгер Бекет Тұрғараев қазақтың үш алып тұлғасына лайықты құрмет көрсетті.
Атыраудан келген әншілерден бөлек, Алматы, Арқа өңірінен өнерпаздар келіп, Илья әндерін шырқады. Сарысу ауданының әкімі туған елінің ыстық сәлемін жеткізсе, қарағандылық ақын, сазгер Зағыпар Шәкентаев пен Есжан Әбеуовтің Илья ағаларына арнайы жазылған «Ән болып жаралдың» шығармасы орындалды.
Илья Жақанов бүгінгінің жарқ етіп жанып, ертең өшіп қалатын сазгерсымақтары емес, ешқашан өлмейтін, өшпейтін, ғұмырлы әндер авторы екендігін жоғарыда айттық. Осы кеште композитордың «Әселім жанымнан» бастап «Арқа аруы», «Арыс», «Теміртау түні», «Меңдіқыз» «Жайлаукөл кештері» сияқты жауһар әндері шырқалды.
Атақты «Еділ мен Жайық» – қазақтың қалың тарихы, киіз туырлықты Алаштың ардағы. Бұл әнді ел бірге шырқады.
– Бүгінгі жеткен жетістігіміздің бәрі – Тәуелсіздігіміздің тәтті жемісі, – деді Илья Жақанов. – Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында кеше ғана есік көзінде отырған, бұратана атанған қазақ жұрты еңселі елге айналды. Мәңгілік мұраты «Мәңгілік Ел» болу. Осы мақсат жолында бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Елбасымыздың жанында болайық.
Мен 72 жасқа келгенде сурет салуды да меңгере бастадым. Мынау сексен деген түк емес екен. Өзімді әлі жас сезінемін. Шығармашылығымның шығар биігі әлі де алда. Мақсат, ниет бар.
Шығармашылық кештің соңында ұйымдастырушылар «Оңтүстік қабылдау үйінде» 500-ден астам адамға ауызашар берді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы