Мемлекеттік қызмет істері министрінің №104 бұйрығымен «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасуға конкурс өткізу ережелеріне өзгерістер енгізілді.
Бұл өзгерістер Бірінші институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында мақұлданды. Олар конкурстық комиссиялардың жұмысын жетілдіруге, сондай-ақ, конкурс өткізу мерзімдерін оңтайландыруға бағытталған.
Енгізілген түзетулерге сәйкес, орталық мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдарға конкурстық комиссиялар құруға рұқсат беріледі. Оның құрамына кемінде бес адам тартылуы мүмкін. Бұл жаңалық аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдарда құрылымдық бөлімшелердің жеткіліксіздігінің салдарынан туындайтын конкурстық комиссия құру мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, мемлекеттік аппараттың үздіксіз жұмысын және бос лауазымдардың орнын уақтылы алмастыру мақсатында құжат қабылдау мерзімдері: ішкі конкурс өткізу кезінде – 5 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін, жалпы конкурс кезінде – 10 жұмыс күнінен 7 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Ішкі және жалпы конкурстарға қатысатын үміткерлердің әңгімелесуден өту мерзімі де сәйкесінше 5 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Нәтижесінде, конкурстың барлық үш кезеңін өткізу мерзімдері жалпы 13 жұмыс күніне азаятын болды.
Еске сала кетейік, мерзімдерді қысқарту мәселесі үстіміздегі жылдың 8 маусымында өткен министрдің халықпен есептік кездесуінде көтерілген еді.
«Егемен-ақпарат»