01 Шілде, 2016

Метролог мамандар жетіспейді

631 рет
көрсетілді

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында техникалық реттеу және метрология саласында кадрларды даярлау мәселесі талқыланған брифинг өтті. Заман талабына сай экономиканың түрлі саласына мамандарды дайындау күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі екендігі рас. Бұл ретте жастарды техникалық реттеу және метрология бағытына тартудың маңызы зор. Дегенмен, білікті кадр дайындауда көптеген түйткілдердің жоқ еместігі тағы бар, оған себеп – көпшіліктің осы салаға ұмтылыс танытпауы болып отыр. Іс-шара барысында аталған салаға жастарды тарту мен олардың бүгінгі таңда кәсіби маман болуы үшін қажетті алғышарттарды кеңінен атаған ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Доғалов бірқатар деректерді алға тартты. Оның айтуы бойынша, Білім және ғылым министрлігінің ақпары көрсетіп отырғандай өткен жылы «Стандарттау, метрология және сертификаттау» мамандығын 451 студент бітірген. Ал, бұл көрсеткіш республикалық деңгейде саланың қажеттілігін өтеуде тіпті де аз. Осы мәселе жыл сайынғы метрологтар кеңесінде көтеріліп жүр», деді ол әрі қарай. Сонымен қатар, бүгінгі таңда физика-химия құралдарын қолдана білетін мамандардың жетіспей отырғанын айта келе, оның ішінде электронды микроскоптар, спектрометрлер мен хроматографтарды еркін пайдаланатын кадрлардың жоқ екендігін жеткізді. Осы ретте жоғары оқу орындарының білім бағдарламалары мен кадрлық әлеуеті қажеттілікке сай болуы тиістігін атап өтті. Биыл сала бойынша маманның тапшы болуына байланысты комитеттің ұсынуымен оқу орындарында бакалавриаттарға «Метрология» пәні енгізілмек. Және де біздің комитет еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестік байланыс орнатуда. Қазіргі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті және Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті мен Қазақ-Британ техникалық университеті және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен келісімшарттарға қол қойылды. Айтар болсақ, республикамызда «Стандарттау, метрология және сертификаттау» саласы бойынша бар-жоғы 42 жоғары оқу орны ғана маман дайындауда, деді Ғ.Доғалов. Бұл ретте аталған келісімшарттар аясында студенттер «Қазақстан метрология институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында және «Қазақстан стандарттау институты» РМК-да өндірістік тәжірибеден өтетін болады. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының енгізілуіне байланысты өндірісті метрологиялық бағытта қамтамасыз етуде талаптар да күшейіп отыр. Бұл дегеніміз, кез келген өлшеуіш құралымен жұмыс істейтін маманның біліктілік деңгейіне де байланысты. Жиын аясында метрология саласында басқа салада оқып келген мамандардың жұмыс істеп жатқандығы айтылды. Олардың басым бөлігі арнайы курстарды оқыған қызметкерлер. Сол себепті, олардың метрология бағытында толыққанды жұмыс істеуге білімі жетпейді. Бұл мәселенің түйінін ағыту үшін қазіргі таңда оқу бағдарламаларын талдау жүргізіліп жатыр. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан»