Қазақстанның өз егемендігін алып, тәуелсіз ел болғанына биыл ширек ғасыр толады. Осы 25 жыл ішінде Елбасы атамекенімізді алты құрлыққа танытып, экономикамызды дамытты. Шынын айтуымыз керек, Қазақстан әлемге ең алдымен бірлігі бекіген, ынтымағы жарасқан, халқы бейбітшілікті қалайтын, Президенттің сарабдал саясатының арқасында өркендеп келе жатқан жас мемлекет ретінде танылды. Бұл сөзімнің тағы бір дәлелі болсын, күні кеше ғана еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланып, абыройымызды және бір мәрте асыра түсті. Әлбетте, мұның өзі – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанды өркендету жолында төккен тері мен сындарлы саясатының жемісі.
Еліміз аталған кеңеске мүшелікке өту үшін қажетті 129 дауыстан да асып-түсіп, 138 дауыс алды. Сөйтіп, Қазақстан өңірден өзімен бәсекеге түскен Таиландтан оқ бойы озып кетіп отыр. Оған дауыс берген мүше елдер саны 50-дің төңірегінде ғана. Міне, осыған қарап-ақ еліміз сыртқы саясатының қаншалықты қуатқа ие екенін көруге болады.
Қазақстан халқы қазір шын ниетпен қуанып жатыр. Әлемде ең беделді ұйым саналатын БҰҰ бірінші кезекте бейбітшілікті жақтайды. Әрбір елдегі саяси тұрақтылықты, достастықты, татулықты бағалайды. Осы ретте Қазақстан – Жер шарында ядролық қарудан бас тартқан бірінші мемлекет. Биылғы жылдың басында Елбасы АҚШ-та өткен әлем лидерлерінің кеңесінде барша халықты бейбіт өмір сүруге шақырып, татулықты ту ету керектігін айтқан болатын. Президенттің манифесінде қамтылған ұтымды ой мен келелі пікір көптің көңілінен шықты. Сол сияқты, Мемлекет басшысының көреген көшбасшылығы мен салиқалы саясаты Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануына зор ықпал етті.
Бүгінде Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ұжымы Елбасының әрбір Жолдауы мен маңызды реформасын қолдап, жастарға кеңінен насихаттау жолында жұмыс жүргізіп келеді. Өз кезегінде біз де кешегі тарихи оқиғаны шәкірттерге жан-жақты әңгімелеп, маңыздылығы жайында айтатын боламыз. «Қазақстанның болашағы жастардың қолында. Өскелең ұрпақ терең білім алып, саналы тәрбиемен сусындауы керек. Ол үшін мемлекет жастарға барлық жағдайды жасап келеді», – деген Елбасының сөзі үнемі жадымызда.
Сөзімнің соңында Елбасының «қайтсем Отанымды өркендетіп, қалай дамытамын» деген сөзін жүрекпен түсінейік. Бірлігімізді бағалап, татулығымызды жоғалтпайық. Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлану ертеңгі ұлы тарих, келешек ұрпақтың жолына жасалған соны қадам екенін ұмытпайық дегім келеді.
Бибігүл НҮСІПЖАНОВА,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры
АЛМАТЫ