• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2016

Бас бәйге алған балалар ансамблі

529 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының Ақ­тоғай ауданында «Әуен» балалар ансамблі бар. Осы жас өнерпаздар тобы Астанада тұңғыш рет өткен «Жарық жұлдыз» халықаралық телевизиялық өнер байқауында «Эстрадалық вокал» аталымы бойынша Гран-при иегері атанды. Сайысқа еліміздің әр айма­ғындағы іріктеу кезеңінде үздік атанған өнерпаздар қатысса, «Әуен» ансамблі де «Сарыарқа дарыны» облыстық байқауында бас жүлдені жеңіп алып, Астанадағы осы бәйгеге жолдама алған болатын. Бізбен әңгімесінде ансамбль жетекшісі Саламат Мүбәрак: «Әуен­нің» құрылғанына көп бола қойған жоқ, – деді. – Биыл нау­рыз айынан бері жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы, Ақтоғай ауданында «Ардагерлер» ансамблі,   «Тоқырауын» ән-би, «Арман» эстрадалық жастар, «Балбырауын» би ансамблі, «Сарыжайлау» ұлттық аспаптар оркестрі, «Ақтоғай» және «Шалқар» халық театрлары бар еді. Тек балалар өнер ұжымы жоқ болатын. Сондықтан, «Әуен» ансамблін ұйымдастырдық». Оның құрамындағы сегіз баланың әрқайсысы әртүрлі бай­қауларда жеңімпаз болғандар. Мысалы, Самал Мағауина Тәт­тімбеттің 200 жылдығына ар­налған рес­пуб­­ликалық күйшілер сайы­сын­да озып шықса, Әмина Есім Астанадағы «Күншуақ» қо­ры­ның ұйымдастыруымен өткен республикалық «Сәлем, Астана» байқауында Гран-при иеленген. Мадияр Өмірғалы болса «Сәлем, Астана!» байқауында І орын, Елнара Мірәсіл Алматы қаласындағы халықаралық өнер фестивалінде I орын, Ғабит Серік, Аружан Боранқұл, Мөлдір Мол­дашева сияқты жеткіншектер де түрлі конкурстарда жүлделі орыннан көрінгендер». Негізінде, Ақтоғай аудандық «Өнер» мектебі алғаш 2003 жылы құрылғанда 60 оқушы болса, бүгінде мектепте 230 ұл-қыз оқиды. Олар домбыра, эстрадалық вокал, дәстүрлі ән, көркемсурет сыныптарында білім алып, қабілеттерін шыңдауда. Ақтоғай – өрелі өнер тұнған, небір дүлдүл өнерпаздар шыққан мекен. Сондықтан, «Әуен» балалар ансамблінің де тарихы ұзақ, алар асулары биік болады деп сенеміз. Ернат ҚАШҚЫНОВ Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы