Келешекте құрылысшылар күннен қуат алатын бетон қарығышпен жұмыс iстейтiн болады. Бұл құрылғыны Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетi Кентау институтының мамандары iске қосты. Балама энергия арқылы iске қосылатын бетон қарығыш бағаналар арқылы жарық жүйесi тартылмаған аумақта құрылыс жүргiзуге өте қолайлы.
Қажеттi заттар Қытайдан алынғанмен, құрастыру жұмыстарын оқу орнының студенттерi өздерi жасаған. Кәсiптiк бiлiм мамандығын игерушi iзденушiлер теория жүзiндегi сабақтарын тәжiрибемен ұштастыру барысында құнды дүниеге қол жеткiзген.
Небәрi 3 минутта 50 литр бетонды қарып беретiн құрылғы бұлтты күндерi де 220 вольтпен 24 сағат бойы кедергiсiз жұмыс iстейдi. Күннен алынған энергия аккумуляторға жиналып, қажет кезде таратылады. Ток қосқышқа теледидар, мұздатқыш секiлдi тұрмыстық техникаларды да қосуға болады.
Жобаны «Тiса» фирмасы қаржыландырып отыр. Ал, негiзгi маман – түркиялық Ферхад Чайыр. Алдағы уақытта ЭКСПО – 2017 көрмесiне ұсынсақ деген тағы бiраз жобаларымыз бар, – дейдi Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Кентау институтының директоры Камалбек Беркiнбаев.
Қайрат ЗАЙНИШЕВ
Түркістан