• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2016

Үржар индустриясы

298 рет
көрсетілді

Жақында облыс орталығында Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан істерінен хабардар етті. Бізді қызықтырған индустриялық-инновациялық туризмді дамытудың жайы болды. Аудан әкімі Серік Зинабекұлы­ның айтуынша, үстіміздегі жылдың бес айында ауыл шаруашылығында 6 миллиард 346 миллион 700 мың теңгенің өнімдері шығарылған. Ал жыл басынан бері өнеркәсіпте 966 миллион 900 мың теңгенің өнімі шығарылып, өткен жыл­дың осы мерзімімен салыстырғанда алға жылжу байқалған. Есептік кезеңде негізгі капиталға жұмсалған инвес­тиция көлемі 1536,7 миллион теңгені құраған. Аудан­да «Ин­­­дус­триялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында ин­­­­дус­трияландыру картасына «Бәт­уа» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігіне қарасты пластикалық құ­быр зауыты енгізіліп, ол өз өнім­дерін шығарып жатыр. Шетел инвестициясын тарту мақсатында өткен жылдың соңында көрші Қы­тай елінің және біздің бастамамызбен құны 2,7 миллион АҚШ доллары болатын Үржардағы темір-бетон бұйымдарын шығаратын инвестициялық жобаға қол қой­дық. Зауыт құрылысына 7 гектар жер беріліп, қазір онда жаб­дық­тарды орнату жүргізілуде. Асыл тұ­қымды мал шаруашылығын қол­дау бағдарламасы бойынша жыл басынан ауданның 110 шаруа қожалықтарына асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін 57009,0 мың теңге көлемінде субсидия төленді. «Алғабас» шаруа қо­жалығының төрағасы Мәулетбек Қалиев бұдан бірнеше жыл бұрын айшылық алыстағы Австралиядан «Ангус» асыл тұқымды ірі қарасын әкеліп, өсіріп жатыр. Ол жерсінді, қазір шаруа қожалығы 1800 бас малды бордақылауда. – Облыс әкімі Д.Ахметовтің тап­сырмасына сәйкес терең өңдеу­мен айналысатын жылына 30 мың тонна құс етін өндіретін фабрика құрылысын салу ойда бар,– дейді аудан әкімі Серік Зайнулдин. – Аталған жобаның жобалық-сметалық құжаттары, техникалық-экономикалық сараптамасы және бизнес жоспары дайын. Жалпы құны 45 миллиард 22 миллион теңге болатын алып құрылыс іске қосылған соң 817 адам жұмыспен қамтамасыз етілмек. Сонымен қа­тар, аудан кәсіпкерлері омарта шаруашылығын мықтап қолға алған, өткен жылы жоғары сапалы 50 тонна бал арнайы қораптарға салынып, Қытайға жөнелтілген. Қазір үржарлықтар 200 тоннаға дейін бал өндіріп жатыр. Ауданда алманың жаңа сортын өндіру қолға алынған, соя дақылын өсіру дамып келеді. Ауданның атақ-даңқын шыға­рып тұрған суы шипалы, адам ағзасына аса пайдалы Алакөлде өткен жылы 109 мың адам дем алған екен. Қазіргі таңда Алакөл жағалауында 120 туризм нысандары жұмыс істеп тұр. 88 демалыс үйі, 18 асхана, бір дәріхана, 13 сауда дүкендері жазғы маусымда демалушыларға қызмет көрсетуде. Туризмді дамыту жобасы бойынша екі ірі жоба жүзеге аспақ. Алакөл жағалауында «Дега» серіктестігі жалпы құны 250 мил­лион теңге болатын «Арасан-Алакөл» демалыс үйін пайдалануға бермек. Онда 15 адам жұмыспен қамтамасыз етілмек. Биыл тағы бір ауданның кәсіпкері А.Суықбаев құны 200 миллион теңге болатын демалыс үйін салуды қолға алмақ. Алакөл жа­ғалауындағы «Үржарайым» бала­лардың демалыс лагерінде жыл сайын жүздеген оқушылар демалады, денсаулықтарын тү­зеп, спортпен шұғылданады. Ке­лер жылы – атақты әнші Әсет Найманбаевтың 150 жыл­дығы. Оған әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Таяуда мұражайда мә­­­­дени шара өтті, енді ескерткіш орнатылмақ. Алайда, аудан әкімін алаң­дататын жайлар да жоқ емес. Ала­­­­көл арнасынан асып, қатты толқындар туған кезде жағаны ша­йып, көлдің арнасы кеңіп, ауылға қарай жақындап келеді. Тіпті, көл демалыс үйлеріне қарай 15 метрге дейін жақындаған. «Бір кездері көлдің жағалауын бекіту мәселесі көтеріліп, қаржы бөлінген еді,– дейді аудан басшысы. Бюджеттен 3 миллиард 840 мың теңге бөлінсе де, ол қаржы жеткен жоқ. Жағалауды металл құрсаумен шегендеу ісі алға басар емес». Бұдан кейін аудан басшысы спорт жайлы айта кетті. Бұл күндері ауданда жүздеген спорт модульдері мен спорт алаңдары жұмыс істеп тұр. Өткен жылы Мамырбек Қара­шев деген кәсіпкер Көлденең ауылында құны 90 миллион болатын спорт кешенін салып, жерлестеріне тарту етті. Шаңғышы Оксана Яцкая, балуандар Алмат Кебісбаев, Әсет Мәм­бетов ауданның мақтаныштары. Жыл сайын өтетін облыстық халық ойындарында аудан саңлақтары табысқа жетіп жүр. Оңдасын ЕлуБАЙ, журналист Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы