• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Шілде, 2016

Азаттық рухына айналған қала

340 рет
көрсетілді

Елорда мен Елбасы – ұлт ұстыны

ТУҒАН КҮНІҢМЕН, ЕҢСЕСІ БИІК ЕЛОРДА! ТУҒАН КҮНІҢІЗБЕН, ЕЛІ СҮЙГЕН, ЕЛІН СҮЙГЕН ЕЛБАСЫ!   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана күніне арнал­ған салтанатты қабыл­дауға қатысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, зиялы қауымның, іскер топтар мен мәдени-ағартушылық ортаның өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы биыл Ас­тана күні айрықша мәнге ие екенін, өйткені, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында тойланатынын айтты. – Елорда кез келген елде бар жақсы нәрсенің бәрін өзіне шо­ғыр­ландыра отырып, мем­лекеттің нақты өмірін бейнелейді. Елорда – әрбір ұлттың ұстыны. Қазақ­стандықтар үшін Астана да осындай мегаполиске айнал­ды. Жаңа елорданың негізін қалау Отанымыздың тәуелсіздік тари­хының алтын парақтары болып саналады. Астана біз үшін –  бірігудің, тұтастықтың, халқы­мыздың өз күшіне, ерекше мүм­кін­діктеріне деген сенімінің рухтан­дырушы рәмізі. Астана рухы ғасырлық дәстүрлерді, дана­лықты, халықтың шығарма­шы­лығын, Қазақстан халқының өт­кенін, қазіргісі мен келешегін сабақтастырады. Біздің мем­лекетімізде, экономика мен қо­ғамда тәуелсіздік жылдары бол­ған түбегейлі өзгерістер елор­да­мыз­да айнадағыдай көрініс тап­қан, – деді Қазақстан Прези­денті. Нұрсұлтан Назарбаев осы жыл­дары Астанада қаланың одан әрі дамуына ықпал еткен ха­лықаралық деңгейдегі көптеген ірі іс-шаралар өткеніне тоқталды. – Астана ЕҚЫҰ-ның жаңа мың­жылдықтағы алғашқы самми­тін қабылдады, ЭКСПО дүние­жүз­ілік көрмесінің 17-ші астанасы атанды. Мұнда әлемнің ислам мемлекеттерінің көшбасшылары қатысқан конференция және Қазақстанды танымал еткен басқа да көптеген халықаралық форумдар өтті. Бұл – біздің астанамыздың әлемдік қоғамдастыққа жоғары деңгейде танылуының көрсеткіші. Астана бүгінде болашаққа көз тігеді, қаланың даму қарқыны оны өмір сапасының жаңа стан­дарттарының үлгісіне, бүкіл Еу­разия үшін инновациялық даму­дың урбанизациялық моделіне ай­налдырады. Мұнда жаңа өнді­рістер іске қосылып, шағын және орта бизнес дамып жатыр. Қала инфрақұрылымы жақсаруда, жаңа мәдениет және демалыс нысандары ашылуда, – деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы атап өт­кендей, елорда қазіргідей күрделі уақытта да даму қарқынын түсірмей, қалған өңірлерді қолдап, бүкіл Қазақстанға сарқылмайтын күш-қуат беріп отыр. – Осы уақыт ішінде үлкен жол­ды артқа тастадық, көп нәрсе жасал­ды, бірақ атқаратынымыз әлі де көп. Біз бұған дайынбыз, ол үшін қажетті мүмкіндіктер мен құл­шыныс бар. Астана біздің тәуелсіз­дігіміздің, дамудың шынайы көрінісіне, азаттық пен инно­вация рухына айналды. Қазақстандықтар үшін жаңа елорда, бұл – Отанымыздың жүрекке жақын, тартымды орталығы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Соңында Мемлекет басшысы барша Қазақстан халқын мерекемен құттықтап, бақыт пен бақ-береке тіледі.