[caption id="attachment_50284" align="aligncenter" width="560"] Фото: olympic.kz[/caption]
Астанада Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ұлттық Олимпиялық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев Қазақстан ұлттық құрама командаларының мүшелерімен кездесті.
Кездесуде Олимпия ойындарына дайындық мәселесі қаралды. Федерация басшылары мен бас жаттықтырушылар спортшылардың дүбірлі додаға дайындығы туралы айтып берді. Бокстан ұлттық құрама команданың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов биылғы Олимпиадаға Қазақстан спортшыларының толық құрамда қатысатынын, қазір боксшылар Алматы облысындағы Халықаралық бокс академиясында жатқанын, одан кейін дайындықты Астанадағы бокс орталығында жалғастыратынын айтты. Оның айтуынша, былғары қолғап шеберлері Астанада оқу-жаттығу жиыны біткен соң осы айдың соңында Рио-де-Жанейроға барады. Ал бокстан әйелдер құрамасының жаттықтырушысы Қайрат Сағадиев қыздардың Астанада жаттығып жатқанын, одан кейін олар Испанияда өтетін Гран-При жарысына қатысып, әрі қарай Бразилияда дайындықтарын жалғастыратынын атап өтті.
Жиында ауыр атлеттердің де Олимпиадаға дайындығы туралы әңгіме қозғалды. Кездесуде әлі жарысқа қатысатын спортшылардың тізімі бекітілгені, Олимпиадаға Владимир Седовтың да қатысуы мүмкін екені хабарланды. Онда Ауыр атлетика федерациясының өкілдері спортшыларды тағы да допингке тексеру мәселесін қозғады. Тексеру болған соң оның қорытындысын Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің зертханасына жіберу керектігін айтты. «Спортшыларды допингке тағы да тексеру керек. Оның қорытындысын Олимпиадаға дейін біліп алғанымыз жөн. Егер отандастарымыздың тағы допингті қабылдағаны белгілі болса, онда оларға қатаң жаза қолдану керек», деді федерация өкілдері. Сонымен бірге қанынан допинг дәрісі табылған еліміздің төрт спортшысына қатысты мәселе де сөз болды. Осыған байланысты Ұлттық Олимпиялық комитет пен Ауыр атлетика федерациясы спортшыларды қолдауға қолда бар мүмкіндіктің барлығын жасайтындарын атап өтті. Сондай-ақ, ҰОК Халықаралық Олимпиялық комитеттің допингке байланысты зерттеп жатқан жұмыстарын қолдайтынын жасырмады.
Кездесуде жеңіл атдетика, таэквондо, садақ ату, нысананы көздеу, қабырғаға оқ ату, синхронды жүзу, Паралимпиаданың пауэрлифтинг түрінен жарысқа қатысатын спортшылар мен олардың жаттықтырушылары өздерін толғандырып жүрген проблемаларын жеткізді. Осы мәселеге байланысты Ұлттық Олимпиялық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев спортшыларымыздың Олимпиадада лайықты өнер көрсетуіне барлық жағдайдың жасалатынын, отандастарымызға Олимпиаданың лицензиясын алуының өзі үлкен жетістік екенін айтты. Сонымен бірге ол допинг мәселесі де қатысты өз ойын білдірді. Тимур Құлыбаев Олимпиадаға, әсіресе, фармокология мен спортшылардың тамағына, допингтің сынамаларына үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті. Сол сияқты Ұлттық Олимпиялық комитет Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің спортшыларға қатысты жұмысын қолдайтынын мәлімдеді.
[caption id="attachment_50285" align="aligncenter" width="560"] Фото: olympic.kz[/caption]
Дастан КЕНЖАЛИН