Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Теміржанов жұмыс бабындағы сапармен Аршалы ауданына келді. Ол аудан әкімі Азамат Тайжановпен бірге «Питковский» шаруа қожалығының өндірістік алаңы мен Аршалы аудандық «Нұр Отан» партиясының филиалы кеңсесінде ЖШС басшылары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының және нұротандық белсенді топпен кездесті.
«Питковский» шаруа қожалығындағы кездесуде шаруашылық басшылары П.Питковский, В.Балашов, Н.Саламатов, Э.Әлиев аудан шаруаларын толғандырып жүрген біраз мәселені алға тартты. Мұрат Баритұлы қойылған барлық сұрақтарға толыққанды жауап берді. Ал кездесуге келген белсенділердің көбі агроөнеркәсіптік секторға қызмет ететін агроөнеркәсіптік банк құрудың маңыздылығын атап көрсетті.
«Нұр Отан» партиясы филиалының кеңсесіндегі кездесуде Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасына арналған лекция тыңдалып, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жүзеге асырылу барысы талқыланды және сұрақтар бойынша ашық әңгіме жүргізілді. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына қатысты сұрақтар да қаралды.
Аудан шаруаларын несие алудағы қағазбастылық, талап етілетін анықтамалық құжаттардың көптігі толғандырады. Әлеуметтік жұмыс орындарына байланысты ережелердің ашып көрсетілетін тұстары бар. Осының бәрі жұмысты дұрыс ұйымдастыруға кері әсерін тигізеді. Несиені ресімдеу кезінде туындайтын мәселелер де баршылық. Кепілдікке қойылатын мүлікті бағалау коэффициенті өте төмен. Бұл ауыл өндірісі үшін тиімсіз екені белгілі.
Әңгімелесу кезінде бірқатар ұсыныстар да түсті. Мәселен, мал басын асылдандыру, оны тектік сәйкестендіру жұмысын жақсарту үшін қаржы көлемін ұлғайту керек. Мәжіліс депутаты Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚО) «Үкімет азаматтар үшін» атты бағдарлама іске асырылып, несие алуды ресімдеген кездегі бірқатар құжаттар саны қысқартылатынына назар аударды. Кепілдік саясаты оңтайландырылып, оның ашықтығы мен қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.
Жалпы, Қазақстанда адамдардың өмір сүруін жақсарту үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар құрылғанын айтты. Соған сәйкес, түсінік пен насихат жұмысын күшейту қажеттігі атап көрсетілді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы