Каир қаласында Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің «Қазақстан-Мысыр достығы қауымдастығы» мүшелерімен кездесуі өткізілді. Оған қауымдастықтың бас хатшысы Ф.Туған, МАР парламентінің депутаты У.Әл-Абд, Уақыфтар министрінің орынбасары Х.Хамид, Мысырдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Н.Саляма, Қазақстан-Мысыр Іскерлік кеңесінің тең төрағасы А.Килани, Араб мемлекеттері лигасы өркениеттер үнқатысуы жөніндегі департаментінің директоры С.Бибарс, сондай-ақ, бірқатар министрліктер мен ведомстволардың, сарапшылар мен ғылыми орталардың, жетекші БАҚ өкілдері қатысты.
Бұл Қазақстан достарының кезекті отырысы еліміздің және оның Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың тұрақты және дамыған мемлекетті құруға, өңірдегі және жалпы әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған соңғы бастамалары мен жетістіктеріне арналды.
Атап айтқанда, Қазақстанның Мысырдағы елшісі Б.Арын Мемлекет басшысы ұсынған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің негізгі мазмұнымен таныстыра отырып, Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануы және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту шеңберінде елімізде жоспарланған іс-шаралары туралы хабардар етті.
Қауымдастық мүшелері Елбасының сыртқы саяси бастамаларын жоғары бағалап, Қазақстан халқы мен басшылығын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады және Астананың ядролық қарудан және соғыстардан азат әлем құру ісіне бұдан да зор үлес қосатынына сенім білдірді.
«Егемен-ақпарат»