• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2016

Қазақ әнін құйқылжытты

385 рет
көрсетілді

Ашық аспан аясында тірі дауыста ән салып әлемге әйгіленген ресейлік «Турецкий хор» музыкалық тобы Астана күнінде өнер көрсетіп, тыңдармандарға ғажайып күй сыйлады. «Бәй­терек» монументінің алдындағы сахнада ән салған өнерлі топ бұл жолы қазақ тілінде үш ән орындап, көңілдерді марқайтты. Оның алдында БАҚ өкілдеріне ресми баспасөз мәслихатын өт­кізген музыкалық топ қала тұр­ғындары мен қонақтарын құт­тықтау үшін Астанаға арнайы кел­гендігін айтты. «Сапарлап барған елдің тілінде тірі дауыспен ән шырқауымыз бүгінгі таңда басты ерекшелігімізге айналды. Бұл біздің дәм-тұз татқан елге деген құрметімізден туындаған идея еді. Енді, міне, Астанаға да арнайы келіп отырмыз. Қоржынымызда үш ән – «Ауылым» мен «Көзімнің қарасы» және Батырдың (Шүкенов) «Джулиясы» бар. Бұларды таңдау себебіміз – әнді орындау жеңілдігімен және ел ішіне кең таралғандығымен байланысты», дейді топ жетекшісі Михаил Турецкий. Тірі дауыста ән салатын өнер­­пазға тыңдармандардың да қо­шемет-құрметі ерекше болатыны ақиқат қой. Сондықтан шы­ғар, бұлтты күннің қабағына қа­рамай «Бәйтеректің» маңына жиналған жұрттың қарасы қа­лың болды. Оған қоса, он адам­нан құралған музыкалық топ­тың шырқағандары үш қана ән­мен шектелмеді. Көп­шілікке ке­ңінен танылған кинодағы ән­дер мен  халық әндерін орындап, тың­дармандардың құлақ құры­шын қандырды. Тіпті, карао­ке арқылы көптеген әнді ел-жұрт әртістермен қосыла айтып, түн­гі Ас­тананың аспанын әнмен әлдиледі. Осындай кешті өткен күннің естеліктермен бөлісе отырып жүргізген Михаил Борисович ха­лықпен қосыла ән шырқау идеясын өзіне осыдан екі жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұсынғандығын атап өтті. «Мерекелік ән» стиліндегі ән айтуды Президент мырза бұ­рынырақта ескерткен болатын. «Сен халықпен бірге ән орын­дауға керексің» дегені әлі есімде. Енді, міне, бүгін біз осылайша кө­ңілдерге қуаныш сыйлап ке­леміз» деді М.Турецкий. Өнерлі ұжымның тағы бір мүшесі Павел Беркут болса, қазақ тілінде ән шырқау қиын еместігін алға тартады. «Біздің репертуарымыздағы «Көзімнің қарасы» әні Қазақстанда ғана емес, барған жерімізде зор ықыласпен қабылданады. Мәселен, Ресей мен Францияда, тіпті, АҚШ-тың өзінде бұл әнімізді қосыла орындаған тыңдармандарымыз аз емес. Бастысы, жүрегің таза, ниетің түзу болса, кез келген тілде ән шыр­қау оңай» дейді ол. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар