Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары мен өнерпаздары Астана күні мерекесі кезінде қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады.
Қаладағы Ш.Иманбаева көшесіндегі аулаға халық көп жиналды. Мерекелік думан-тойды бастап жіберген тұрғындар алдында ЕҰУ-дің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Д.Қамзабекұлы сөз сөйледі. Алаштанушы ғалым Астанадағы №14 сайлау округінен ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов қалалық мәслихатқа депутат болып сайланғанын айта келіп, ширек ғасырда қазақ елінің халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгенін, көк байрағымыз көкте самғап, әлемге танылғанын жеткізді. Ал тарихшы-ғалым, «Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресінің» жауапты хатшысы Зиябек Қабылдинов пен мемлекетіміздің Елтаңба авторы, профессор Жандарбек Мәлібеков жалпыхалықтық мерекеге айналған Астана күнінің мән-маңызына тоқталды. Сондай-ақ, ЕҰУ-дің «Самұрық» шоу-балет театры, «Таңшолпан», «Қазақ қыздары» ән-би топтары жергілікті тұрғындар алдында өнер көрсетті.
«Арман қала – Астана» атты думанды кештен үлкендер жағы рухани ләззат алса, балғындар белгілі ғалымдар мен Елтаңба авторының қолынан тегін балмұздақ жеді. Соңынан естелік суретке түсті.
«Егемен-ақпарат»