Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен Комиссияның отырысы болды. Отырыста төрт мәселе – Кезектен тыс Президенттік сайлауда қол қою парақтарын дайындау және Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттарды қамтамасыз ету туралы, Орталық сайлау комиссиясының 2005 жылғы 31 тамызда қабылданған №12-25 қаулысына өзгеріс енгізу туралы, 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауындағы шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік БАҚ-тар өкілдері қызметінің кейбір мәселелері туралы және Кезектен тыс президенттік сайлауда Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттардың сайлау қорларының арнаулы уақытша есеп-шоттарын ашудың және жүргізудің кейбір мәселелері туралы мәселелер талқыланды.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтің хабардар етуінше, Ортсайлауком қабылдаған қаулыға сәйкес, сайлаушылардың президенттікке кандидатты қолдайтын рас қолдарының қажетті саны кемінде 91 010 (тоқсан бір мың он) қолды құрауы тиіс. Кандидатты қолдап қол жинауды олардың сенім білдірген өкілдері ұйымдастырады. Қолдарды жинайтын топтардың және олардың мүшелерінің санына шек қойылмайды. Қол қою парақтарының бүлінуі мен жоғалуы мүмкін екенін ескере отырып, Орталық сайлау комиссиясы оларды орталықтандыра дайындайды және әрбір кандидатты 100 000 сайлаушылар қолы есебінен саны кемінде 5 000 данада қамтамасыз етеді. Қажет болған жағдайда қосымша қол қою парақтары берілетін болады.
Ал президенттікке кандидатты қолдап толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссияларына тапсырылады. Олар он күндік мерзім ішінде төлқұжат қызметтерінің қызметкерлерін тарта отырып, қолдардың растығын тексеруді жүзеге асырады. Сондай-ақ тиісті хаттама жасап, оны Орталық сайлау комиссиясына жібереді. Қолдардың растығын тексеру рас қолдардың президенттікке кандидатқа қажетті саны анықталғанға дейін жүргізіледі. Егер азаматтардың 91 010 қолының растығы дәлелденсе, қалған қолдар тексерілмейді.
Екінші мәселе – Орталық сайлау комиссиясының 2005 жылғы 31 тамызда қабылданған №12-25 қаулысына өзгеріс енгізу туралы Комиссия мүшесі Ләззат Сүлеймен хабарлама жасады. Оның атап өтуінше, Орталық сайлау комиссиясының 2005 жылы 31 тамызда қабылдаған «Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау жөнінде лингвистикалық комиссия құру туралы» қаулысына өзгерістер енгізіліп, оның жаңа құрамы бекітілді. Лингвистикалық комиссияның құрамында филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов, Фаузия Оразбаева, Шерубай Құрманбайұлы және Дихан Қамзабекұлы бар. Ал Комиссияның төрағасы болып Мырзатай Жолдасбеков сайланды.
Президенттікке кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі өзгерген жоқ. Ол Орталық сайлау комиссиясының 2005 жылы 31 тамызда қабылдаған «Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі туралы» қаулысымен айқындалған. Кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін кандидаттан Лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырманы жазу, көлемі үш баспа беттен аспайтын мәтінді оқу және ұсынылған тақырып бойынша көпшілік алдында 15 минөттен кем емес сөз сөйлеу талап етіледі.
Лингвистикалық комиссияның отырысына оның мүшелері мен президенттікке кандидаттан басқа Орталық сайлау комиссиясының мүшесі байқаушы ретінде қатысуға құқылы. Комиссияның шешімі комиссия мүшелері санының көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады және отырыс хаттамасымен ресімделеді. Комиссияның шешімі дереу отырысқа қатысқан Орталық сайлау комиссиясының мүшесіне беріледі. Ұсынылған кандидаттардың Конституцияға және Сайлау туралы Конституциялық заңда қойылған талаптарға сәйкестігі анықталғаннан кейін 5 күннің ішінде Ортсайлауком оларға азаматтардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтарын беруге міндетті.
Үшінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова хабардар етті. Оның айтуынша, кезектен тыс президенттік сайлауда шетелдік БАҚ-тар өкілдері Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлігі болған кезде сайлауда байқауды жүзеге асыруға құқылы деп есептеледі. Сонымен бірге, халықаралық байқаушыға, сондай-ақ шетелдік БАҚ-тар өкіліне бір аудармашы өзінің жеке басын куәландыратын құжатын көрсету арқылы онымен ілесіп жүре алады. Аталған қаулымен халықаралық байқаушы сауалдамасының мәтіні бекітілді, ал халықаралық байқаушыларды аккредиттеу 2011 жылға 7 ақпаннан бастап 28 наурызға дейін жүргізіледі.
Ал төртінші мәселе – президенттікке кандидаттардың сайлау қорларының арнаулы уақытша есеп-шоттарын ашу туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос баяндап берді. Оның хабардар етуінше, президенттікке кандидаттардың сайлау қорларының шоттары «Қазақстан халық жинақ банкі» акционерлік қоғамында ашылып, жүргізілетін болады. Өйткені, бұл банктің филиалдар желісі еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен жұмыс істейді.
Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес президенттікке кандидаттарды ұсыну 5 ақпаннан басталған болатын. Отырыста Комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов содан бергі уақытта ұсынылған кандидаттардың аты-жөндерін атап өтті. Мысалы, 5 ақпанда Орталық сайлау комиссиясына өзін-өзі ұсыну жолымен кандидатурасын ұсынатыны туралы Сәлім Өтен, 6 ақпанда Уәлихан Қайсаров, ал 7 ақпанда Мұсағали Дуамбеков өтініш берген. Бұл кандидаттардың екеуі 2005 жылғы президенттік сайлау науқаны барысында өз кандидатураларын ұсынған болатын.
Сайлау туралы Конституциялық заңның 54-бабының 2-тармағына сәйкес президенттікке кандидаттыққа Конституция мен Сайлау туралы Конституциялық заң қоятын талаптарға оның сәйкестігін қажетті құжаттарды тапсырған кезден бастап бес күн ішінде Орталық сайлау комиссиясы белгілейді. Кандидаттың Қазақстан Республикасында соңғы 15 жыл тұру фактісін Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігі тапсыратын деректердің негізінде Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Ал кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі Конституциялық Кеңестің Ата Заңның 41-бабының 2-тармағына ресми түсіндірме беру туралы актісіне сәйкес Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен анықталады.
Отырыс аяқталған соң, Лингвистикалық комиссияның бірінші отырысы болды. Оның жұмысы ашық және жария түрде жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімінің басталуын және Лингвистикалық комиссияның әрбір кандидат бойынша шешім қабылдау үдерістерін тұтастай байқауға мүмкіндік алады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.