• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2011

Еңбекпен қамтудың бағдарламасы пысықталуда

390 рет
көрсетілді

Өткен сенбіде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төра­ға­лығымен Үкіметте кезекті селекторлық кеңес болып өтті. Онда ел тұрғындарын еңбекпен қамтудың алдағы уақыттағы кешенді шаралары қаралды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА баяндама жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалай­мыз» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «Үкі­метке облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері­мен бірлесіп, 2011 жылдың 1 ма­мырына дейін халықты еңбекпен қамту жөнінен қағидатты түрде жаңа бағдарлама әзірлеуді тап­сырамын» деп атап көрсеткен болатын. Баяндамашы өз сөзінде Мемлекет басшысының Жолдау­ында алға қойған осы міндеттерді атап көрсете келіп, министрліктің республикамыздың халқын еңбек­пен қамтудың 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын Үкімет мү­ше­лерінің талқылауына ұсынды. Министрдің айтуы бойынша, талқылауға ұсынылып отырған жаңа бағдарламаның басты үш мақсаты бар. Олар біріншіден, хал­қымыздың өмір сүру табысын көбейту, екіншіден, елімізде қа­былданған  үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағдарлама­сын іс жүзіне асыратын білікті кадр­ларды даярлау, үшіншіден, әлеуметтік көмек жүйесін жетілдіру болып табылады. Үстіміздегі жылы қанатқақты жоба ретінде бағдарламаның бірінші кезеңі іс жүзіне асырылмақ. Елбасының Жолдауына байланысты жүзеге асырылатын тұрғындарды еңбек­пен қамтудың толыққанды бағ­дар­ламасы 2012 жылдан бастап өмірге енгізіле бастайды. «Біз ха­лықты еңбекпен қамтуды толық­қанды жүзеге асыруға арналған осы бағдарлама шеңберінде 2015 жылға дейін 1,5 миллион ха­лықты тұрақты жұмыспен қамту­ды көздеп отырмыз. Елбасының Жолдауында ерекше маңыз берілген бұл бағдарламаны жүзеге асы­ру барысында біз таяу бола­шақта республикамыздағы кедейшілік деңгейін 7 пайызға, жұмыс­сыздық деңгейін 5,5 пайызға төмендетуді көздеп отырмыз», деді өз сөзінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүл­шара Әбдіхалықова. Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов сөз ал­ып, халқымызды 2020 жылға дейінгі еңбекпен қамту мәселесі 8 ақпанда өтетін Үкіметтегі кезекті селекторлық кеңесте жан-жақ­ты талқыланатындығын хабарла­ды. Сонымен бірге осы Үкімет оты­рысында құрылыс және тұр­ғын үй-коммуналдық қызмет са­ла­сы­ның проблемалары да талқы­ла­на­тын болады. Үкімет басшысы атап көрсеткендей, алдағы Үкімет отырысында Елбасының Қазақ­стан халқына арнаған Жолдау­ы­нан туындайтын міндеттерге бай­ланысты, әсіресе, тұрғындарды жұ­мыспен қамтудың алдағы 10 жыл мерзімге арналған кешенді бағдарламасы белгіленбекші. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.