ота жасағаннан кейін өз аяғымен жүретін дәрежеге жетті
Қарағандыдағы Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығында жасы 101-ден асқан Шәукей Жұқанұлы деген ақсақалға ота жасалды. Кәрі кісі үйінде жазатайым құлап, жамбасының басын сындырып алған екен.
«Бұрын жамбасының басы сынған кәрі адамдар жарты жылдан кейін жарақаты асқынып, о дүниеге аттанып кететін. Қазір мемлекеттің көмегінің арқасында біз шетелдің технологиясын пайдалана отырып, науқастарға сәтті ота жасап жүрміз», – дейді орталық директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Берік Төлеубаев.
Айтса айтқандай, Ақсу-Аюлы елді мекенінен келген ақсақалға эндопротез тәсілі қолданылыпты. Науқас ота жасалғаннан кейін екі күн өткенде қоларбаға сүйеніп, өз аяғымен жүретін халге жеткен.
Шәукей ақсақалдың 70-тегі ұлы Жанат Жұқанов әкесі туралы былай дейді:
– Қария бүгінгі күнде 101 жастан асты. Ол кісі өмірі шылым шегіп, «ащы судан» татып көрген адам емес. Көп қимылдайды. Ең бастысы, әкеміздің адам баласымен сөзге келгенін көрген емеспіз. Сабырлы қалпынан айныған емес. Мүмкін, ұзақ жасауының бір сыры осында жатқан шығар...
Жұқановтар отбасы ақарлы-шақарлы екен. Шәукей ақсақалдың бауырынан 8 бала өрбіген. Бүгінгі күнде әулетте 23 немере, 27 шөбере және 1 шөпшек бар. Ақсақал балаларының бәрін ел қатарлы оқытып, жақсы азамат етіп тәрбиелеп өсірген.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ