Ұлыбританияның Ковентри қаласындағы Уорик университетінің зерттеушілері көкөніс пен жеміс-жидекті көп жеу адамдардың өздерін бақытты сезінуіне әсер ететінін анықтады. Көкөніс пен жеміс-жидекті көп жейтіндер өздерін жақсы жұмыс істейтін, бақуатты өмір сүретін адамдардан кем сезінбейді екен.
Зерттеу кезінде кездейсоқ 12 мың адам таңдап алынып, олардың күн сайынғы тұтынатын тағамдары мен психологиялық жағдайлары туралы күнделік жүргізілген. 2007, 2009, 20013 жылдардағы тамақтану тәртібі мен психологиялық ахуалдары салыстырылған. Нәтижесінде, олар көкөніс пен жеміс-жидекті неғұрлым көбірек жеген күндері соғұрлым бақытты сезінетінін байқаған. Зерттеушілердің пайымдауынша, өсімдіктердің құрамындағы каротинойдтар ағзадағы қышқылды қалпына келтіруге көмек-теседі. Сәйкесінше, гормон деңгейінің артуына әсер етеді.
Ғалымдар саламатты өмір салтын ұстану бір күнде нәтиже бере қоймайтынын, алайда ол адамдардың көңіл-күйлерінің жақсаруына бірден әсер ететінін айтады. Алдағы уақытта Уорик университетінің жаңалығы денсаулық сақтауда, саламатты өмір салтын насихаттауда пайдаланылмақ.
Арнұр АСҚАРОВ,
«Егемен Қазақстан»