Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябақта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауын қолдау мақсатында өткізілген бұл шараға 15 мың ақтөбелік қатысты. Олардың арасында облыс әкімі Елеусін Сағындықов, сондай-ақ соғыс және еңбек ардагерлері мен еңбек ұжымдары, шағын және орта бизнес өкілдері, білім беру, денсаулық сақтау, спорт саласының мамандары мен студент жастар болды.
Алаңға жиналғандар қолдарына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауын насихаттау бағытында жазылған плакаттар мен шағын жалаушалар ұстап, «Алға, Қазақстан!», «Қазақстан – Нұрсұлтан!» деп ұрандатып, акцияның маңызын арттыра түсті. Шараны жүргізушілер биылғы Жолдаудың ерекшелігіне тоқталып, жұртшылықты бейбітшілікке, бірлікке шақырды.
Жиында сөз алғандар Елбасы Жолдауын және алда болатын кезектен тыс президенттік сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлын қызу қолдайтындықтарын білдірді. Акция соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.