• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2016

Сыбыс таратқандар құрықталды

370 рет
көрсетілді

Алматыда қайғылы оқиға болған күні елді дүрліктіріп сыбыс таратқандар да ұсталды. Алматы қалалық ІІД ресми өкілі, полиция майоры Салтанат Әзірбек бізбен әңгімесінде былай деді: – Қоғамдық ортада дүрбелең туғызған 1993 жылы туған Ч. есімді азаматша, ЖОО бірінің студенті – әлеуметтік желіде City Plus сауда орталығында адамдар кепілдікке алынды деп қана қоймай, кісі өлімі бар... деп жантүршігерлік сыбыс таратқан. Ал 1993 жылы туған А. есімді азамат коммуникациялық желінің ресурстарын пайдаланып, «Жұлдыз» шағын ауданынан қалаға бет алған қарулы топ жолында кездескендерге оқ атып келеді деп дүрліктіреді. Екі «хабаршы» да ұсталды, қазір олардан Қазақстан Республикасы Қылмыстық Ко­дексінің 274-бабының 2-ші тар­мағы бойынша жауап алынуда. Осыған орай қалалық ІІД ресми өкілі «Егемен Қазақстан» газеті арқылы азаматтардың қаперіне мына жайтты салуымызды өтінді: –Біз барша азаматтарымызды Тәуелсіз еліміздің Заң актілерін ұқыпты түрде сақтауға шақырамыз. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің жаңа редакциясында «Көрінеу (біле тұра) жал­ған ақпаратты БАҚ немесе ақ­параттық-коммуникациялық желілерді пайдалану арқылы таратушылардың жауапкершілігін қарайтыны» атап көрсетілген. Сондықтан да әрбір азамат ондай қадам жасамас бұрын он ойланып, жүз толғануы тиіс. Хал-қадерінше тек қана нақты ақпаратқа құлақ асқаны жөн, – деді Салтанат Әзірбек. Бізге мәлім болғаны, жедел іздестіру шараларының арқасында халықты дүрліктіріп, жалған хабар таратқан өзге де азаматттардың есімдері анықталыпты. Қазір олар іздестіріліп жатыр. Бір сөзбен айтқанда Алматы полициясы кәсіби білгірлігін әдеттегіше ешбір дабырасыз атқару үстінде. Опат болған боздақтар үшін шын көңілмен қайғырған қала тұрғындары тәртіп сақшылары оққа ұшқан орындарға гүл шоқтарын әкеліп қоюдан жалығар емес... Кеше қала әкімі Бауыржан Байбек полиция старшинасы, арнаулы 2-ші батальонның полиция қызметкері Аян Ғалиевтің отбасына Алатау ауданының «Саялы» шағын ауданынан 2 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Аянның қарт анасына арнап сөз сөйлеген әкім «Сіздің ұлыңыз теңдессіз ерлік жасады, өкінішке қарай өмірін қиды. Мына пәтердің кілтін Елбасының өзі ұсынып отыр, марқұмның артында қалған балалары қашан да қамқорлықта болады» деді. Шынында да, қарақшымен бетпе-бет келіп қалған Аян Ғалиев өте ауыр жарақат алға­нына қарамастан ақырғы демін жинап, қылмыскерге оқ атып үлгерген. Аянның ең соңғы оғы қылмыскердің жолын кесті. Егер ол оқ тимегенде қандықол қылмыскердің тағы қаншама бейбіт жанның өміріне қауіп төндірерін ойлаудың өзі өте ауыр. Алматыда өткен қаралы жиында Аянның сол ерлігінен құлағдар болған халықтың Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінің үлкен залын күңіренте «аһ» ұрғаны да есімізде... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ