Көкшетауда облыс әкімі Сергей Кулагин сирек кездесетiн металдарды өңдейтiн зауыт салуға ниетті австралиялық «ILUKA Exploration (Kazakhstan)» компаниясының өкiлдерiмен кездесу өткізді.
Еске сала кетсек, Инвестициялар және даму министрлiгi аталмыш компаниямен жер қыртысын геологиялық зерттеу және барлау саласында өзара түсiнiстiк-ынтымақтастық туралы меморандум бекiткен болатын.
«Iluka Resources Limited» австралиялық тау-кен компаниясы әлемдегi iрi цирконий және жоғары сапалы титан өнiмiн өндiрушi болып табылады. Ағымдағы жылы оның Қазақстандағы жобаларын жүзеге асыратын еншiлес компаниясы да құрылған.
Кездесу барысында Ақмола облысының жер қыртысында ильменит, рутил, цирконий және қалайы металдарының болуын мемлекеттiк геологиялық барлау бойынша жоба талқыланды. Аталмыш жоба Қостанай және Солтүстiк Қазақстан облыстарында да талқыланатын болады.
Болашақта осы облыстардың бiрiнiң аумағында сирек кездесетiн металдарды өңдеу бойынша құны 500 миллион АҚШ доллары тұратын зауыт құрылысын салу жоспарлануда. Компания зауыт бюджетiн әлдеқашан мақұлдап қойғанын да атай кету керек.
«Бiз облысымызға қаржы құюға келген инвесторларды қуана қарсы аламыз және ынтымақтастыққа мүдделiмiз. Ақмола облысы Астана маңындағы аумақ болып саналатындықтан байланыс саласы дамыған. Бiз сiздерге жұмыс үшiн қолайлы жағдай жасауға дайынбыз және ұсыныстар күтемiз», дедi облыс әкімі С.Кулагин.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы