• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Шілде, 2016

Түлкібас судан тарықпайтын болады

241 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысында электр қуатына тапшылық бар. Сырттан тасымалданғаннан кейін шығыны да көбейіп, қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиеді. Бірақ, бәрі бірдей болмаса да арынды өзен, бұлақтары бар өңірлерде осы өзекті мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндіктер бар. Оңтүстік Қазақстан облысында гидроэнергетика саласын дамытуға және энергия тап­­­­шылығын төмендетуге ба­ғытталған жаңартыла­тын және баламалы энергия көздері са­ла­сындағы жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ, Оңтүстік өзен­дерінің гидроэнергетикалық әлеуетін анықтау мақсатында гид­роэнергетикалық өнеркәсіп сарапшыларының қатысуымен маркетингтік зерттеулер жүргізіл­ген болатын. Осы зерттеулердің нәтиже­сінде облыстағы жиырмаға жу­ық өзендердегі 43 әлеуетті нүк­теден жалпы сыйымдылығы 119,84 мВт-ға жететін энергия көзі анықталған. Енді осы өзендерге гидроэлектростанса салу үшін қолайлы жерлер таң­далынып, жобаға инвестиция тарту көзделген еді. Түбінде қай­тарымы мол жобаға инвесторлар табылған. Жақында «Шымкент» ӘКК» ҰК» АҚ пен түркиялық «Endustriel Elektrik Elektronik San. Ve Tic. Ltd» компаниясы арасында инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойыл­ды. Аталған меморандумға сәйкес, Түлкібас ауданындағы Ма­шат өзені бойында жалпы қуаттылығы 4,2 мВт құрайтын шағын гидроэлектростанса құры­лысын жүзеге асыру келі­сіміне қол қойылды. Алдын ала бол­жам бойынша жобаның құны 6,3 млн. долларға жетеді. Қазіргі уақытта Түлкібас ауданы айына 15 мВт электр энергиясын тұтынып отыр. Жоба іске қосылған соң жаңа электр стансасы аудан қажеттілігінің үштен бірін қамтитын болады. Сонымен қатар, «Баламалы энергия көздерін пайдалануды қолдау және есеп айырысу бойынша қаржылық орталығы» ЖШС-нің жобаның құрылысы аяқталғаннан кейін электр энергиясын ұзақ мерзімге сатып алуды қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Екі жаққа да пайдалы жоба екі тарапты да қанағаттандырып отыр. Мұндай тиімді жағдай Оңтүстік тәжірибесінде бар. Биыл Шардара ГЭС-і күрделі жөндеуден өтіп, жаңа заманауи тағы бір қазандығын іске қос­ты. Тұрғындарға арзан электр қуатын беруге әзір. Тау басынан құлаған арынды өзендері бар Түлкібас ауданын­да да халыққа арзан энергия көзін ұсынуға осындай тиімді жоба ұсынылды. Кезекте Сайрам-Өгем шатқалындағы Шарбақты сияқты ағысы жойқын өзендер бар. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»