«Егемен Қазақстан» газетінің 18.06.2016 жылғы санында «Егеменге» елден келді» айдарымен «Тентіреткен тергеу ісі» атты мақала жарияланған еді. Онда кез інде өзі де тергеуші болып жұмыс істеген А.Сәтмұханбетовтің баласының өліміне қатысты құқық қорғау органдарын айыптаған шағымындағы келеңсіздік, яғни қызмет бабында жүріп көлік апатына ұшыраған полиция офицерінің бірнеше сағат бойы өліммен арпалысқан халі, оны құтқарып қалуға болатындығы жайындағы дәрігерлердің өзекті өртер тұжырымы, дәрменсіз жанның жеке мүлкінің тоналуына жол берген полиция қызметкерлерінің селқостық танытуы туралы жан-жақты ашылып көрсетілді. Осыған орай Шығыс Қазақстан облыстық прокурорының бірінші орынбасары Р.Әпековтің атынан редакциямызға хат келіп түсті.
Облыс прокурорының бірінші орынбасары мәлім еткендей, 17.11.2014 жылы Аягөз ауданының прокуратурасы тарапынан ҚК-нің 316-бабымен қылмыстық іс қозғалып, алдын ала тергеуді жалғастыру үшін іс тергеу реттілігімен тиісті органға жолданыпты. Алайда қылмыстық іс бірнеше рет өндірістен тоқтатылып (қысқартылып), сотқа дейінгі тергеп-тексеру толық көлемде жүргізілмеуіне байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулылар бұзылған. Соңғы рет, яғни 20.04.2016 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі ұлттық бюро департаментінің басшысы Б.Байниязов ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы негізінде қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарған. Алайда қылмыстық іс құжаттарымен танысу барысында істі тоқтату туралы қаулы істің мән-жайы оъективті түрде жан-жақты және толық тексерілмей, негізсіз шығарылғандығы анықталды. Сөйтіп, қазіргі күні газетте келтірілген фактілер расталып, енді қылмыстық істің тергелуі Аягөз аудандық прокурорының қадағалауына алыныпты.
«Егемен-ақпарат»