• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Шілде, 2016

Мәнді мәселе

687 рет
көрсетілді

Біз Алланың пендеге берген ақыл-ой сыйына рахмет айтуымыз керек. Жер басып, көп қызық көруің нағыз бақыт. Біз бен сіз екі өмір барын есте ұстағанымыз абзал. Бірі – қысқа, алдамшы өмір, екіншісі – о дүниелік мәңгі өмір. Осынау дүниеде өмір сүре жүріп, ана дүниені естен шығарсақ, кінәліміз. Мен ертең сол жаққа барамын-ау, құдірет алдында жауап беремін-ау деп соны да ойлау керек. О дүние мұндағыдай пара беріп құтылып кететін, әйтпесе шетелге қашып кететін жер емес. Ешкім де жазадан құтыла алмайтыны хақ. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Жалған дүниені жалпағынан басатындар бір күнгі мансабына мәз. Ал, жоқ-жұқа жандар тек Алладан рақым күтеді. Біздің бабаларымыз сыйлас бол, көрші елмен, қабырғалас көршіңмен тату бол деп үйретті. Мың досым бар деп қуанасың, ал бір дұшпаныңның өзі сенің күліңді көкке ұшыра жаздайды», – депті Арон Рашид. Сұрапыл соғыс жылдарында Сыр бойына жер ауып келгендерге құшақ аштық. Өзің тоқ отырып, көршің аш отырса сен мұсылман емессің деген Пайғамбар хадистеріндегі сөз қандай тауып айтылған. Бір оқиға есіме оралып тұр. Ардагер Ержігіт Бозғұлов дүниеден өткенде Чешенстаннан келген бір азаматтың көз жасына ие бола алмай төгіле жылағаны есімнен кетпейді. Сырлас болған, сыйлас болған, көрші отырған чешен жігітінің көз жасын тоқтату мүмкін болмағанына куәгер болып едік. Курганның атақты хирургі И.Иллизаров бір әңгімесінде 1943 жылы Қызылорда қаласындағы Базарная көшесінде жалда тұрған қазақ азаматының қам­қор құшағын жыр етіп айтқаны бар. Шіркін, Қызыл­ор­даның тәтті қауынының дәмі ауыздан кетпейді деп тебіренді. Әдетте жақсы көрші – төрің, әрі қуатың. Сыр ақтарар базарың мен ажарың, ой бөлісер алаңың, ал жаман көрші есік-терезесіз молаң деген бұрынғылар. Бір күн тіршілікте көршіңмен сыйласқанның аты азбайды, тоны тозбайды. Бүкіл жақсылығыңды көрші естиді, той-думан жасасаң кем-кетігіңді көршіңмен толтырасың. Есігін ашып, жақсы көрші қуанышыңды әркез бірге бөліседі. Менің бір көршім ағаш ұстасы, екінші көршім көлік жөндеуші еді. Мен болсам қағаз бен қалам ұстаған жанмын ғой. Балтаның сабын қатайтып берші деп барсам, қолымнан келмейді деп ажырая қарады, екінші көршіме бір болтты босатып бересің бе, десем: – Маған өткізіп қойғаның бар ма деп қарап тұр. Есігін тарс жауып кетіп қалдым. Ал, бұған қалай ренжімессің? Екеуі де қателігін кейін сезді ме мені көрсе теріс айналатын болды. * * * Бір азамат ұл-қызы ержетіп, Алматыда жұмысқа тұрды. Содан әлгі азамат қоныс аударып, көшетін болды. «Шіркейлі» атты ауылдан вокзалға дейін егіліп, көз жасын төгіп отырды. Неге жыладыңыз, аға? – Ей, шырағым-ай, ауылдан амалсыздан қоныс аударып барамын. Туған жерім ыстық. Бәрінен де көршілерім бөлек еді. Енді Алматыдан ондай көрші табылмайды ғой, – деп жасын тағы да төкті. Біздің де көңіліміз босады. Ел болған соң не болмайды. Бір көрші көршісімен соттасып жүр, ал екі көрші бір-бірінің үйіне кірмейді, көрсе теріс айналады. Тіршілікте адамның бір-бірінен артылдыра­тыны сыйластық, оның ішінде, көршімен сыйластықтың орны бөлек. Бір ағайын қалада тұрушы еді, үйімен дуалдас көршісі болды. Бір күні әлгі кісі көршісімен дуалдас үйін әктеу үшін дарбаза жағынан кіріп, үйін әктеуге шықты. Көршісі дереу полиция шақырып, менің рұқсатымсыз дуалын жөндеді деп әлек-шәлегін шығарды. Көршісі түсініктеме жазып, үйін жөндеуді кейінгі қалдырды. Тағы бір мысал. Бір көрші екінші бір көршісінен қарызға ақша сұрап келді. Бес мың теңге бере тұршы деп өтінді. Көршісі берді. Бірер ай әлгі ақшасын қайтармады. Содан ақшасын сұрап, көршісінің есігін қақты. – Қарағым, қарызға алған ақшаңды бер. Бірер ай болды ғой. Маған да қажет боп тұр. Зейнеткер екенімді білесің. Қол қысқа. – Соған күнің қарап қалды ма? – деп көрші мінез көрсетті. – Өзің оңбаған екенсің. Мен, қарыз сұраған соң бердім ғой. Ой, оңбаған! – деп көрші есігін тарс жапты. Көрші полицияға шағымданды. «Мені сөкті, оңбаған» деді. Содан полиция ақша берген азаматты сөктің деп 800 теңге айыппұл салды. Көрдіңіз бе, көрші қарыз беріп, ақырында айыппұл төлеп отыр. Осы әділдік пе? Екі көрші осылайша сыйластыққа сызат түсірді. * * * Қала іргесіндегі қазіргі Махамбет ауылында Остай дейтін ақсақал болды. Жылда қымыз мұрындыққа шақыратын. Шақыратындары алдымен көрші-қолаңы, құда-жекжат, күйеу балалары. Бәрінің басын қосып, бір-бірінің сәл-пәл ренжісіп қалғандары болса татуластырып, ажырасқандарды қосатын-ды жарықтық. Остай ата бір-бірімізді күнде терезеден көріп отырайық деп көршісі Нұрсейіт ақсақалмен терезесін қаратып, бір көшеден үй салғаны қандай өнеге десеңізші?! * * * Көп қабатты үйде той-томалақ, келеңсіз жайларды өткізу кейде қиынға соғатыны ақиқат. Бір қадірменді ағамыз ертеректе дүние салды. Содан көрші-қолаңның үйіне келушілерге шәй беру рәсімі басталатын болды. Сонда екінші бір үйдің әйелі «үйімді бүлдіреді, жиһазым сынады» деп үйін құлыптап, ерлі-зайыпты екеуі кетіп қалғанына қайран қалғанбыз. Әр адам пәни дүниеден өткенде ол адамның қадір-қасиетін көршісінен сұрайды деген бар. Көрші ақысы деген және бар. Сондықтан ең алдымен «көршім тәуір адам еді, пейіште нұры шалқысын» деген жауап айтылса, ол адамның жатқан жері жайлы болатын көрінеді. * * * Біз тұратын қаланың Астана даңғылымен көршілес келесі бір көшеде Орынбек Өткелбаев деген азамат тұрды. Алғашында олай-бұлай көшеден өткенде бас изеп, амандасып жүрдік. Кейін таныса келе бауыр бастық. Сол Орекең алпыс жылдығын Қызылордадағы «Жігер» мейрамханасында өткізгенде шақырды. Тойды дүркіреп өткізді. Өзі баяғы «Қармақшы» кеңшарының тұрғыны екен. Ел басқарған, құймақұлақ азамат болатын. Кітап пен басылымдарды көп оқитын, ақын-жазушылардың өмірінен әңгіме қозғағанда ұйып тыңдап қалатынбыз. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романынан үзінді келтіріп, ақын Сырбай, Мұхтар Шаханов, Әзілхан Нұршайықов, Бауыржан Момышұлы, Шәмші, Нұрғиса жайында әңгімені тізбектегенде шыбын ызыңы естілмей қалушы еді-ау?! Сол ардагер Орынбек Өткелбаев биыл қас-қағым сәтте бар-жоғы екі-үш күн ішінде ажалға тап болып, пәни дүниеден аттанып жүре берді. Бүкіл көрші-қолаң осы бір сәтте қоғадай жапырылып, қайғысын бөлісті, отбасын сабырға шақырды. Азаматтың сүйікті жары Гүлнәрі – көршілеріме ризамын! – деп әлсін-әлсін жиі айтумен жүр. * * * Біз де сексеннен астық. Адам бір-біріне қонақ. Болмашыға ренжісіп, тіпті бір-бірінің үстінен арыз жазып, маза бермейтіндердің талайын көрдік. Тұз-дәмдес бола жүріп, суыт іргесін аулақ салып, орынсыз кикілжіңге бой ұрып көрместей болып кеткен менің ізбасарларым әлі қатарымызда жүр. Баяғы жүрек жаралағаны есінде жоқтай, кездескенде дым білмегендей күй кешіп жүргеніне кейде аң-таң қаламын.Сонымен, Сіз көршіңіз­бен қалайсыз, ағайын? Тату-тәтті көрші­мен сыйласып, ғұмыр кешкен ол да бір үлкен байлық. Ақын Әбдікәрім Ахметов бір өлеңінде «Адамның көңілі шар айна, сындырып алма абайла, абайла бауырым, абайла!» деп тебіреніп еді-ау. Сол сияқты бүгінгі әңгіме көрші жайында біраз әңгі­менің басын шалғандай болдым. Сіз не дейсіз? * * * Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді «Егемен Қазақ­станға» берген бір сұхбатында: «Мен әлемнің 65 елінде болыппын. Үйіне бір адам кірмейтін, бір кесе шәй бермейтін, дәм татқызбайтын елдер бар. Сонысымен қоймай, бізге ақыл айтады. Ал, қазақ келген адамға жайы­лып төсек, иіліп жастық болып, төрге шығарады» дегені бар. Міне, бұл сөзге бас имей көр. Билік деген Алланың пендеге берген сынағы. Бастағы бақ та, байлық та сынақ. Шымкенттік бір байшыкеш Шерхан Мұртазаны тойға шақырып, Тараздан алдырды. Шераға «тойда не дейсіз?» деді отырғандар. Алла аузыма не салса, соны айтам – деді Шерағаның қабағы түйіліп. Той басталды. Сөйледі Шераға: «Адамдық пен надандық арпалысқан заманда Алла сендерді надандықтан сақтасын. Тектілік пен тексіздік текетірескен қоғамда Тәңір сендерді тексіздіктен сақтасын. –Аға, тамаша шықты. Ғажап болды. Біз неге өстіп айта алмаймыз, – деді отырғандар. Шерағаң мырс етіп, мұртынан күліп: – Алла ауыз таң­дамайды деп кім айтты саған?» – деді. Той иесі байшыкештен – Шетелден келген екі әншіге қанша бересіз?–деп сұрадық. 20 мың доллар. Алматыдан алдырған алты әншіге ше? Алты мың доллар. Ал, Шерағаңа ше? Немене ол кісіге де ақша беру керек пе? Шапан жаптық,– деп теріс айналды байшыкеш. «Құдайы көр­ші» мақаласында журналистер көтер­ген мәселе мені үнсіз қалдырма­ды. Ойландым. Ойларымды қағазға түсірдім. Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ ызылорда