• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
30 Шілде, 2016

Күтеміз әлі бір хабар

400 рет
көрсетілді

Ресей Федерациясының Омбы қаласынан оңтүстікке қарай Қазақстанның Көкшетау бағытына бет алғанда, 16 шақырым жер жүрген соң үлкен зират кездеседі. Ол Бибатыр ауылының қорымы. Тас жолдың зиратқа қарама-қарсы жағында кезінде үлкен  ауыл бар еді. Бибатыр кезінде аты әйгілі би болған адам. Ба­ла­­сы Мәден болыс болып, 1937 жылы атылған. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты қызметін атқарған Ромин Ризаұлы Мадинов сол Бибатырдың ұрпағы, Мәденнің шөбересі. Менің іздеу салып отыр­ғаным – Бибатырдың бел баласы Қызыр. Ол кісі 1937 жы­лы Қызылжарда прокурор болып істеген. Ұсталасың деген ескертумен қашып Омбыға келіп, туған бөлесі Өтемісов Әміржанмен кездеседі. Құ­жаттарын ауыстырып алып, басқа фамилиямен Қытайға өтпекші екенін айтады. Со­дан хат-хабар үзілген. 1947 жылы Әміржан Омбы об­лысының Горьков ауданында КГБ қызметкері болып істеп жүргенде, бір жігіт арнайы іздеп келіп, Әміржанға жолығады. Қызырдан сәлем айтады. Бірақ фамилиясы, аты-жөні басқа дейді. Соғыс кезінде Қызыр әскери прокурор болды, мен оның адъютанты қызметін атқардым, депті. Қанша жалынса да, қайда, қандай фамилияда екенін айтпай кетіп қалыпты. Бұл әңгімені арада 31 жыл өткен соң 1978 жылы Әміржан маған айтқан. Тағы бір дерек мынадай. 1963 жылы Омбы өңірінде тұратын Қызырдың туған немере інісі Фазылға алыс­тан бір хат келген. Онда аты-жөнін жазбай, открытка сыртына бармын, тірімін, аман-есен жүрмін деген сөз айтылған да қойған. 1985 жы­лы Фазылдың ауырып, беті ары қараған шағында Омбыдағы КГБ адамдары Қызыр туралы сұрап келіпті. Сонда ол кісі ешқандай жақыным жоқ деп ренжіп, келгендерге ауыр сөз айтып  қуып жіберіпті. Тегінде КГБ адамдары бекер іздемеген болар. Мүмкін Қызыр өлер шағында балаларына шын аты-жөнін айтқан соң, олар Омбыға сұрау жіберуі мүмкін. Осы туралы білгім келеді. Қызыр бізге туған жиен еді. Қазақстанда оны білетіндер бар ма екен? Осы мақаланы оқы­са балалары хабарласып қа­лар деген үмітім де жоқ емес.  Аманкелді қажы ТОҚСАНБАЕВ Ресей Федерациясы, Омбы қаласы, Мельничная көшесі 87/4. 15-пәтер.