• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Шілде, 2016

60 млн. тұратын шапан

464 рет
көрсетілді

Еңбегі көбіне-көп жұрт назарынан тыс қалатын мамандық иелері бар. Тарих үшін құнды жәдігерлерді бастапқы қалпына келтірумен, оны консервациялаумен шұғылданады. Көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің кезінде Алматыдағы «Қазреставрация» мекемесін құруға мұрындық болға­нының өзі осы мамандықтың қан­шалықты маңыз­ды екендігін аңғартса керек. Бүгінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде еңбек ететін Тұрсынкүл Жайлаубаева осындай сирек кездесетін қадірлі іспен шұғылданады. – Реставратор болудың қиын­дығы да, қызығы да көп. Бұл жұмыспен айналысу үшін көп нәрсені білу керек, үйрену керек. Мысалы, жай ғана жүннің  қандай киімде немесе бұйымда қолданылатынын, кестенің түр-түсін, тігістің неше түрін білу керек. Тарихтан хабарың болу керек. Этнографияны біл­месең тағы болмайды. Бізде әр рудың бас киімінің, киме­шегінің ерекшеліктері бар. Жасына қарай, келіншек пен қария­лардың кимешектері әртүр­лі болған. Соның бәрін білме­сең, зерттемесең, оны қалай жасай­сың?! – дейді Тұрсынкүл апай. Оның айтуынша, ХХ ға­сырдан әріде тұтынылған киім­дердің материалын қазіргі дүние­лермен салыстыруға мүлде келмейді. Реставрацияға қажетті табиғи заттарды табу қиынның-қиыны. Мәселен, Тұрсынкүл апай Қазыбек би бабамыздың шапанын қалпына келтіру үшін қажетті зерлі жіпті іздеп Бұқараға дейін барыпты. Тұрсынкүл апай Қазыбек бидің шапанына дейін де талай мұраларымыздың қайта тірілуіне атсалысқан. Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» реконструкциясын жасаған бір­неше маманның бірі. Абылай ханның қамқа шапанында да, Мұрақ ханның бас киімінде де қолының табы қалған. «Пазырық қызының киімі», «Алтай көсе­мінің киімі» сынды біраз жұ­мыстары Қазақстанның ғана емес, Францияның, Ресейдің, Чехияның көрмелеріне қойылған. Шапанды Қарқаралы өңірінің Едіге деген ауылынан Қазыбек бидің ұрпағы Алтын деген азамат әкеліпті. Әбден тозығы жеткен, шамамен 20 пайыздай жері ғана бүтін болыпты. Алғашқы фотосуретіне қарап, оған біз де көз жеткіздік. Ал қазір музей қорындағы бұл дүниенің бағасы «60 миллион теңге» деп көр­сетілген. Яғни, өте құнды дүние. – Бізде реставраторларды танымақ түгілі, реставрация деген ұғымның өзін түсінбейтіндер бар. Кейбіреулер мені «жамаушы» дейді. Жарайды, жамаушы болсам болайын деп жұмысымды істей беремін. «Алтын адам» да, Қазыбек бидің шапаны да – біздің құнды жәдігеріміз. «Бұл біздің да Винчиміз» деп көзіміздің қара­шығындай сақтауымыз керек, – дейді Т.Жайлаубаева. Арнұр АСҚАРОВ, «Егемен Қазақстан»