«Әскери кафедрада тек Қостанай облысындағы жоғары оқу орындарының студенттері оқиды. Бірақ бұл барлық білім ордаларының студенттері оқи алады деген сөз емес. Қорғаныс министрлігі жасаған тізімге енген жоғары оқу орнының студенттері ғана біздің кафедрада білім алады», – дейді А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі Михаил Дәуенов.
Әскери кафедра бастығы болып полковник Болат Токин тағайындалды. Ол кафедраға түсетін студенттер алдымен жақсы оқуы керектігін, арыз жазған соң комиссия арқылы қабылданатынын айтты. Жігіттер мен қыздар әскери-дәрігерлік комиссиядан, кәсіптік-психологиялық сұрыптаудан, физикалық нормативтер тапсырудан өткен соң ғана қабылданады. Сабақты әскери қызметкерлер мен запастағы офицерлер жүргізеді.
Биыл әскери кафедраға абитуриенттер үшін 80 грант бөлініп отыр, сонымен қатар120 жігіт пен 30 қыз үшін ақылы оқу қарастырылған. Оқу ақысы жылына 134 мың теңге болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА