Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов 12 тамызда Сочиде өтетін ЕАЭО елдері үкімет басшыларының отырысына дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Сочидегі кеңес туралы шешім 2016 жылғы мамырда сауда, кедендік ынтымақтастық, экономика және қаржы саясаты, энергетика және инфрақұрылым салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында қабылданған болатын.
Кеңейтілген құрамда өткен мамырдағы кеңесте сөйлеген сөзінде Үкіметаралық кеңес төрағасы – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімов төрағалықтың басымдықтары ретінде Қазақстан 2016 жылды ЕАЭО-тың үшінші елдермен және басты интеграциялық бірлестіктермен экономикалық қарым-қатынастарын тереңдету жылы деп жариялауды ұсынғанын еске салды. Осыған байланысты тараптар Үндістан, Израиль, Мысыр, Иран және басқа да елдермен еркін сауда аймағын құрудың мақсаттылығын зерттеуде.
«Экономикалық дамыған және инвестициялық тартымды елдермен және бірлестіктермен ынтымақастыққа баса назар аудару қажет. Қазақстан тарапы интеграциялық үдерістерді біздің елдер үшін Шығыс пен Батыс арасындағы байланыстырушы буынға, әлемдік экономиканың бәсекелестік құраушысына айналу мүмкіндігі ретінде қарастырады», – деген болатын сол кезде К. Мәсімов.
ЕАЭО елдері үкімет басшыларының алдағы кеңесінде экономикалық интеграцияның маңызды мәселелері қаралып, оның ішінде ЕАЭО Кеден кодексін қабылдаудың соңғы мерзімдері туралы мәселе шешілді.
ЕАЭО Кеден кодексі, сондай-ақ, одақтың одан әрі дамуында маңызды мәнге ие басқа да бірқатар құжаттарды келісу 12 тамызда Сочиде және 28 қазанда Минскіде өтетін Үкіметаралық кеңес отырыстарында аяқталады делінуде.
«Егемен-ақпарат»