Металлургтер қаласы Теміртауда ылғи мергендер тұрады ма дерсің?! Әлгілер алыстан тұрып атқанда қоладан құйылған Лениннің жүрек тұсынан дәл тигізетін көрінеді...
Қаладағы «Еңбек даңқы» деп аталатын бұрынғы саябақта бір топ бұзақының осында тұрған Ленин ескерткішін атқылап жатқанын ит қыдыртып жүрген бір әйел көріп қалыпты. «Пәледен машайық қашыпты» деген, әйел әлгі жерден итін сүйрей қашқан екен.
Ертеңінде қайтып келіп, күн көсемнің ескерткішін анықтап қараса, мүсіннің кеуде тұсынан тиген бірнеше оқтың ізін байқапты. Содан кейін ол өзінің көрген-білгенін журналистерге айтып берген. Қазіргі уақытта бұдан полиция қызметкерлері де хабардар болыпты.
Еске салсақ, Теміртаудағы Ленин ескерткішінің қала тұрғындарынан көріп отырған құқайы жалғыз бұл емес. Мәселен, 2012 жылы белгісіз біреулер көсем киген қола пальтоның шалғайын кесіп әкеткен болатын.
Негізі ескерткіш тарихи құндылықтар тізімінен алынып тасталған екен. Сол себепті оны ұстап тұруға бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Ал оқиға орын алған саябақ қазіргі уақытта полиция жасағы жүретін нысандар қатарынан алынып тасталған көрінеді...
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы