Мен Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрына директор болып келген күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұйғыр театрының атына жолдаған Алғыс хатымен таныстым. Ол хатта: «Бізде көп салалы Қазақстан мәдениетінің ажырамас бір бөлігі болған ұйғыр өнерін сақтап қалу және дамыту үшін мүмкіндіктер жетеді. Бұл жолда көптеген ғажайып сахна шеберлерінің ұрпақтары жұмыс істеп келе жатқан Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының рөлі ерекше», – деп жазылыпты.
Президентіміздің шын көңілімен айтқан бұл сөздері және бүкіл өмірін ұлттық өнеріміздің дамуына арнаған, қиын-қыстау кезде қалса да театрды сақтап қалған өнер майталмандарының рухтары қолдап, күш бергендей болды. Президентіміз айтып өткен ғажайып сахна шеберлерінің эстафетасын қолыма алғанда, енді оны мықты ұстап, келешек ұрпаққа тапсырудың маңызды екендігін терең түсініп, бар мүмкіншіліктерді ұтымды пайдалануға ұмтылып, өз алдыма мақсат қойып, басшылық жұмысымды бар жігеріммен бастадым.
Ең алдымен, әрбір әріптесімнің өз жұмыстарын жақсы көңіл-күймен атқаруына көңіл бөліп, оларға қолайлы жағдай жасауды, шығармашылық ұжымдағы психологиялық атмосфераны жақсартуды қолға алдым. Себебі, өнер адамының көңіл-күйі жақсы болса, жұмысымыздың нәтижесі де жаман болмайды деген сөз. Сол үшін, біріншіден, зейнеткер сахна шеберлерін жұмыста қалдырудың жолын іздеп, олардың бәрін жартылай еңбекақы мөлшерімен болса да өздерінің сүйікті жұмыстарында қалдырдық. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұзақ жылдар бойы театр әкімшілігі ұжымды дарынды жастармен қамтамасыз ету үшін жоғары және орта білім өнер ордаларында мамандар дайындауға көңіл бөліп келеді. Әлбетте, бүгін шығармашыл ұжымды жастармен толықтыру заман талабы. Өнер-білім ордаларында оқып жүрген, әлі бітірмеген студент жастарымыз жоспар бойынша сахнамызда қойылып жатқан спектакльдерде рөл сомдап, концерттік бағдарламаларға қатысып жүр. Әрине, бұл – жақсы. Бірақ, театрға жаңадан келіп жатқан жастарға іс-тәжірибесін үйретуде зейнеткер сахна шеберлерінің орны бөлек деп ойлаймын.
Қазақстан Тәуелсіздік алған 25 жылда жоғары кәсібилікке жеткен әлемдегі бірден-бір ұйғыр театрында өнердің барлық жанрлары дерлік дамып келеді. Өткен жылдың қазан айының 29-ы күні өзінің 82-маусымын «Мұқамдар сыры» театрландырылған бағдарламасымен ашқан театр абонементтік жүйе бойынша аптаның төрт күнінде көрерменге әртүрлі жанрдағы сахна туындылары арқылы үлкен рухани нәр беріп келеді. Репертуардағы қойылымдарды абонементке енгізу үшін көрермендеріміздің пікірлері назарға алынды. Репертуардағы А.Ашировтың «Жалғыз жалбыз», Д.Машурованың «Ана мирасы» спектакльдерінің тақырыбы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған. Бұл драмаларда ұйғыр отбасы мен қазақ отбасының арасындағы достық, туыстық, бауырмалдық кеңінен суреттелген. Өздерінің салты мен дәстүрін сабақтастырып, сол арқылы бір-біріне бауыр болып жүрген қос ұлт өкілінің арасындағы достық Қазақстандағы ұлттар бірлігінің көркем көрінісі. Бұл туындылар бүгінгі жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейді деп толық айта аламыз. «Мәңгілік ел» болу жолында ортақ рухани-адамгершілік құндылықтар негізіндегі халық бірлігін нығайтатын іс-шаралар өткізіп, келешек ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында мектептермен байланысты күшейттік. Өткен жылы балалар аудиториясы үшін А.Масимовтың «Өмір шырыны» заманауи ертегісі сахналанды.
Театрымызда қазақ драматургтарының шығармаларына да кең орын берілген. Үстіміздегі жылы Д.Исабековтің «Мұрагерлер» пьесасы сахналанады.
Биылғы жылы «Нава» фольклорлық ансамблі репертуарын ұйғыр, қазақ ән-билерінен бөлек, әлем халықтары ән-билерімен байытып, жаңа концерттік бағдарлама дайындап, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарына гастрольдік сапарда болып қайтты. Театрымыз, сондай-ақ, А.Ашировтың «Жалғыз жалбыз» драмасымен жоғарыда аталған үш ауданда гастрольдік сапарда болды.
Бұл маусымда театр «Бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт Жоспарының, Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндіруге негізделген түрлі мерекелік, қайырымдылық концерттік бағдарламалар, ашық есік күндерін өткізіп, қойылымдар көрсетті. Мәселен, желтоқсан айының 26-29 күндері аралығында халықаралық фестиваль және байқаулардың, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты «Яшлык» вокалды-аспаптық ансамблінің 40 жылдығына арналған «Жаңа жылдық гүлхан» атты театрландырылған үлкен концерттік бағдарламасы №153 мектеп-гимназияда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін «Нава» фольклорлық ансамблінің қайырымдылық концерті көрсетілді.
2016 жылы тұңғыш рет атап өтілген Алғыс айту күніне орай мүмкіндігі шектеулі балалар үшін театрымызда 26 ақпан күні У.Голдингтің «Шыбындар патшасы» драмасы, 27 ақпан күні театр әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама көрсетілді. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге орай 4-8 наурыз күндері «Нахшамда ғәзәлсән, аял!» атты театрландырылған концерттік бағдарлама өткіздік. Бұл күндері залды толтырып отырған көрермен қауым назарына қазақстандық заманауи әйелдің Еңбек адамы ретіндегі мәртебесін, оның дағдарысқа қарсы жағдайдағы жаңа рөлі, отбасы мен некенің жағымды бейнесін насихаттайтын мемлекеттік саясатты көрсету негізделді. Бұл кешке көп балалы аналар, соғыс ардагерлері, театр майталмандары және еңбек ардагерлері арнайы шақырылды.
Әр күні залды толтырып отырған көрермен қауым назарына Жеңістің 71 жылдығын мерекелеудің мақсаты – Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, фашизмді жеңу ісіне үлес қосқан қазақстандықтарға құрмет көрсету ретінде ұйымдастырылды.
Театрымыз Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Ұйғыр әдебиеті кеңесі және Қазақстан Композиторлар одағымен тығыз байланыста жұмыс атқарып, әдебиет, өнер саласында өзіндік орны бар тұлғалардың мерейтойларына, еске алу кештеріне белсенді қатысып келеді. Мәселен, көрнекті композитор әрі танымал киноактер Зайнулла Сетековтың 80 жылдығына арналған еске алу кеші, Қазақстанның халық әртістері Зинат Акбарова мен Нурбуви Маметованың 80 жылдық мерейтойлары өткізілді.
Қазіргі заман жағдайында жаңа өнім, жаңа технология және заманауи құрылғы-жабдықсыз бәсекеге қабілеттілік туралы сөз қозғау мүмкін емес. Соны ескере отырып, театрымызда көрермендер үшін 100 орынды кіші зал аштық. Келешекте бұл зал заманмен тең қадам басып келе жатқан жас көрермендеріміздің сүйікті орнына айналатынына сенеміз.
Елбасы атап көрсеткендей, жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көп этносты және көп конфессиялы қоғамымыздың табыс негізі. Болашақта да репертуарымызды жаңа әлеуметтік маңызы зор, келешек ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін, адамды ұлттық болмысын сақтауға, туған тілін, тарихы мен мәдениетін игеріп, дамытуға үйрететін, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен ұштасатын, ұлттың бірлігін нығайтуға қаратылған шығармалармен, бағдарламалармен толықтыру жоспарланып отыр.
Үстіміздегі жылдың басты шараларының бірі – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Бәрімізге ортақ ел – Ұлы Дала елі» атты театрландырылған концерттік бағдарлама болып есептеледі. Қазақ, орыс, ұйғыр, корей театрлары бірге өнер көрсететін бұл бағдарлама бойынша дайындық жүріп жатыр. Бұл Қазақстан театрларының рухани бірлігі мен мәдени ықпалдасуының бір көрінісі. Мұндай шаралар алдағы уақыттарда да жалғасын таба бермек. Осы жерде 82-маусымдағы іс-шараларымыздың бәрі Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылғандығын атап өткен орынды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда барлық этнос өкілдері өздерінің ұлттық өнерін дамытып, насихаттай алады. Ендеше, бұдан кейін де Мәдениет және спорт министрлігінің қолдау көрсетуімен біз, ұйғыр театрының ұжымы, республика халқын еңбексүйгіштікке, адалдыққа, отаншылдыққа, патриотизмге, бауырмалдыққа баулуға, ұлттық салт-дәстүрлерді үлгі етуге тәрбиелейтін жалпыұлттық идеямыз – «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру жолында еңбек етеміз. Елбасымыз «тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп, алға баса аламыз», деп атап көрсеткеніндей, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі елдің ғана ырысы мен табысы мол болатындығы сөзсіз.
Руслан ТОКТАХУНОВ,
Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының директоры