• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
05 Тамыз, 2016

Хұсайынның хошықтары

342 рет
көрсетілді

Хұсайынмен жетпісінші жылдары бірге оқыдық. Біз ҚазМУ-де, ол СХИ-да. Алғашында оның дұнған екенін білмедік. Қазақшасы жақсы. Аңқылдаған ақкөңіл, достық жү­регі көл-дария. Оқуға жаңа түскендіктен ауылымызды айта береміз. Хұсайын Савазов осындайда дұңған екендігін көрсетті.

Дұнғандарды «жуас, момын халық» деп алады да, бабаларының батырлығын, тәуелсіздік жо­­­лын­дағы мерейлі жеңістерін, зар заман теперіштерін ерекше қуатпен толғана тербейді. «Ойпырмай, батырларымыз да, тағдыр­ларымыз да ұқсас екен-ау», деп дұнған тамыр­дың халықшылдығы мен ұлтжан­дылығына риза боламыз...

Дұнған қытайдың «лаохуэй» сөзінен аудар­ған­да «мұсылмандар» деген ұғымды береді екен. Осының өзі шағын ұлттың дінге, ділге берік­тігін айғақтайды. Антропология­лық жағынан дұнған моңғолтектілер­дің қиыршығыстық нәсіліне жатады. Үш этнографиялық топқа бөлінетін олар қытай тіліне жақын әралуан диалектіде сөйлейді. Бұған дәлел ретінде 2001 жылы шығарылған «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» кітабындағы «Қытайда 8 миллион дұнған тұрады» деген сөздерді айтуға болады. Жетісудағы дұнғандар Қазақстанға 1866-1877 жылдар аралығында қоныс аударғандардың ұрпағы.

Хұсайын жолдамамен Көк­ше­­тауға келген. Жұмысына мы­ғым жігіт орман технигінен са­ла­­л­ық басшы деңгейіне дейін көтерілді. Ақмола облысындағы республикалық орман шаруашы­лығы жобалау-іздестіру институты филиалының директоры қыз­метін атқарған ол бүгінгі күні «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғат паркін басқарады.

– Мен жаймашуақ Қазақстан­да, Алматы облысының Шелек ауданында дүниеге келдім. Үй-ішімізбен қазақ мектебінде оқы­дық. Мұны Қазақ елінің ұл­ы­лығына балай­мын. Отаныма мәңгі қарыздармын. Осы парыз біздің әулетіміздің басты құндылығы және үнемі алға бастайтын қуат қайнары деп білемін. Жалпы, дұнғандар туысқандық қарым-қатынастарға мығым, жи­нақы тұрады. Өте еңбекқор. Мар­құм әкем Хәкім мен анам Софиа қара­пайым еңбек адамдары. Әпкем Хадиша Қазақ ұлттық техникалық университетінде қазақ және француз тілдерінен сабақ береді. Інім Хасан құқық қорғау органында қызмет істесе, қарындасым Лада дәрігер. Анамыз ауылдастарынан аса алмай, алақандай жерінің жемісін теріп отыр. Бізге әлі күнге көлдей көңілін, көкөнісін жолдап тұрады, – дейді менің досым.

– Студенттік шақта сенің Шеле­гі­ңе барып темекі жинап едік. Орман­шы болып кеткенің қалай? – деймін әңгіме ауанын өзгертуге тырысып.

– Қазақта «Ормандай қалың елім...» деген сөз бар. Оны білесің. Бірақ, аз халыққа қаншалықты әсері барын біле бермейсің. Институттың орман факультетіне жетелеген сол даналық деп ойлаймын. Оның үстіне орман ұғымы біздің әулеттің тағдырын айқындайтын сияқты. Құдай қосқан қосағым Шынар Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының орман факультетін бітірген. Қазір облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық басқармасында бас маман. Үлкен қызым Гүлнар Көкшетау­дағы «Бұқпа» орман шаруашылығын­да есепші-экономист, Динарам «Қала­лар­ды көгалдандыру, сая­бақтар құру» грантымен Түр­кияда оқып жүрсе, ұлым Исхар (қазақша Асқар дейміз) Ақкөл ауданында орман өртінен қорғау жөніндегі топ бастығы. Күйеу балам Руслан орман шаруашылығының инженер-жобалаушысы. Оның атасы Хамза Күншуақұлы Це­линоград өлкелік орман шаруашылығы басқармасының бастығы болған танымал азамат еді. Немерем Мерей­дің де тал-шыбыққа құмарлығын байқаймын. Мұқағали ағамыз: «Сен адам бола бастасаң, мен қайың бола бастай­ын» деп ағаш­­тың жүрегін дірілдетпеуші ме еді? Қандай мағы­нада айтылса да, адам­зат­ты ойландыратыны анық, – деді ол.

Досыңның жүрегін тербетіп айтқан сөздеріне жүрегің жарыла жаздайды екен. Хұсайын өзінің көңіл хошындағы хошығын (өлең-хисса) айтып тұрғандай толғанасың. Жүзден астам ұлттың береке-бірлігін, ынтымағын ұйыстырып отырған ұлы еліміздің бейбітшіл саясатының арқасы ғой бұл. Кешегі қатардағы дұнған баласының рес­пуб­ликалық деңгейдегі маңыз­ды мекемені басқарып, мемлекет­тік ұстанымдарды мекемдеп жат­қаны, шат-думанды отбасын тер­бетіп отырғанының өзі бүкіл қазақ­стан­дық­тарды мәрте­белендіре түседі.

Бақберген Амалбек, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы