• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
05 Тамыз, 2016

Өз балаңызға өзіңіз жаусыз ба?!

421 рет
көрсетілді

Жарық дүниені жаңа көрген қызыл шақа нәресте шар ете қалды. Өзі өмірге енді келсе де, дауысы зор екен. Төңіректі түгел шарлап кет­ті. Жанына жетіп барған жас ана баланы қолына ала қойған. Әрі-бері жұбатып көріп еді. Көн­беді. Қайта одан сайын жылап, ма­засызданып барады. Не істерін білмеді ме, бөбекті қайтадан тө­сегіне жатқыза салды. Сосын... қал­­тасынан ұялы телефонын алды да әуезді ән қойды. Құйқылжыған музыканың даусына елеңдеген нәресте тыныштала бастады. Сәл­­ден соң әуенге әбден елітіп, жы­лағанын қойды. Мына көрініске қарап отырып, «Әлди айтатын ана сиреп бара жатыр екен ғой» деген ойға берілдік алдымен. Ра­сында, бүгінде баласын ән айтып жұбататындар сиреп барады. Бұ­рынғыдай бесік таянып, «Әл­ди-әлди ақ бөпем» деп жан-тәні­мен, жүрек-жұлынымен ән­дететін аналарды аз көреміз. Тамырымыздан алыстап барамыз ба, қалай?! Бірақ, бұдан кейінгі ой біріншісінен асып түсті. Біз баланы туғаннан телефонға байлап қояды екенбіз ғой. Күнделікті өмірде байқайтын шы­ғарсыз. Қонақта, автобуста, пойызда, үйде баласы мазасын алып, тынышын кетіріп бара жатса, ата-анасы қолына ұялы телефонын ұстата қояды. Тәй-тәй басып, енді былдырлап сөйлей­тін баланың өзі сұқ саусағын смарт­фонның бетінде зыр жүгі­ртіп, ішінен өзіне керегін тауып ал­ып, мәз болып отырады. Бүгін­де екі жастағы баланың өзі «Youtube» дегеннің не екенін біле­ді. Ішіне кіреді де «Өрмекші адам», «Маша мен аю», «Спанч боб» секілді мультфильмдерді еш­кім­нің кө­ме­гінсіз табады да, көре береді. Туғаннан телефонның ті­­лін біліп, ешкім үйретпей-ақ смарт­­фонның ұңғыл-шұңғылын меңгеріп алатын баланың тірлігіне әке-шешесі мәз. Бұл мәз болатын, мақтанатын, масаттанатын нәрсе емес, негізі. Телефон баланы жұба­ту­­дың, кө­ңілін табудың төте жолы бол­ғанымен, оның салдары да ауыр. Ең бірінші, біз оның балалық шағын ұрлап жатырмыз. Өз қатар­ластарымен ойнап, доп қуып, асық атып, асыр салып жүретін кезінде телефонға телміртіп, төрт қабырғаға қамалып отыратын жағ­­­дайға жеткіземіз. Сосын «Біз бала күнімізде үй көрмейтін едік, мыналарды далаға шығарудың өзі мұң» деп күбірлеп жүргеніміз. Екіншіден, қазіргі төрткүл дүниені түгелімен ішіне қондырып алған телефондардың залалы тура­лы ғалымдар әркез айтып келеді. Одан болатын радиацияның қа­уіп­тілігінен де хабардармыз. Олай болса, бұғанасы қатпаған, ағ­за­сы енді қалыптасып келе жат­қан баланың ден­саулығын өз қо­лымызбен улап жатырмыз деген сөз ғой бұл. Сонда біз өз баламызға өзіміздің жау болғанымыз ба?! Үшіншіден, смартфонға байланған сана шын өмірден алшақтап ке­теді. Мына дүниені дұрыс қа­был­­дай алмай қалады. Қысқасы, телефонды баланың ойыншығы ре­тінде қолданудың соңы түрлі қиындықтарға әкеліпп тірейді. Айналаңызға барлап қараңыз­шы. Мектеп оқушылары да қымбат телефон ұстайды. Ата-аналар қа­тарынан кем болмасын, өзін қор санамасын деп кредитке болса да бастауыш сыныптағы баласына смартфон әперіп жатыр. Ал бала­сының телефонын тексеріп, «Онда қандай сайттарға кіреді, қандай әлеуметтік желілерге тіркелген, кім­дермен хат алысады, не жа­йын­да сөйлеседі?» деп тексеріп отыр­ған ата-ана бар ма? Жоқ деп кесіп айта алмаймыз. Бар шығар. Дегенмен, олардың өте аз екенін ішіміз сезеді. Енді смартфонның оқу­­­шыға зиян тұстарын атап ке­тейік. Ең алдымен, бұл баланың оқу үлгерімін төмендетеді. Телефонға бай­ланып, өзі жасап алған әлемнің шеңберінен шыға алмай қалған баланың сабаққа да аса зауқы бол­майды. Әрине, алақандай дүние­ден айшылық алыс жерлерден жыл­дам хабар алады-ау. Бірақ, оқушы өзіне керекті, сабағына қажетті ақпараттарды ғана терме­леп отырады дей алмаймыз. Ол интернет деген үйіндінің ішіндегі қоқыстың бәрін талғамай жұта береді. Санасы әлі қатпаған балаға атыс-шабыстан кейінгі қан-жоса болған адамның денесін көру, жол апатынан бөлшектеніп кеткен кісінің бейнесін «тамашалау» қа­лай әсер ететінін айтпай-ақ қоя­йық. Мұны аз десеңіз, мектеп жа­сындағы балалардың барлығы дерлік «В Контакте» желісінде тіркелген. Ал бұл әлеуметтік желі нағыз қоқыстың ортасы десек, артық айтпайтын шығармыз. Азғын топтарды есептемегеннің өзінде, сепаратистік ұйымдар да бұл желіде белсенді жұмыс істейді. Кеше ғана Алматыда болған жайсыз оқиғаның басты кейіпкері де осы желіде үнемі діни уағыз тыңдап жүргені айтылып қалды. Діннің, Исламның не екенін біл­мейтін бала олардың ар­бауына, торына тез түспейді дей алмайсыз. Сондықтан болса керек, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин Ақтөбедегі оқиғадан кейін «В Контакте» желісін Қазақстанда тежеу немесе мүлде тоқтату ту­ра­лы ұсынды. Бұл ұсынысты сая­­­­саткер Айдос Сарым да қол­дады. Діни уағыздардың аталған желі арқылы белсенді жүре­тінін ескерген екі азаматтың пікірі бір жерден шықты. Сонда біз өз қо­лымызбен баламызды дәстүрлі емес діннің жетегіне байлап жі­­бергендей болғанымыз ба?! Сон­дай-ақ, Қызыл­орда облыстық про­кура­турасы «В Контакте» желі­сіне зерттеу жүргізген кезінде 106 баланың өз-өзіне қол салуға үгіт­­тей­тін парақшаға тіркелгенін анық­таған. Бұл бір ғана Қызылор­да облысындағы жағдай. Ал тұтас Қазақстан бойынша мұн­дай парақшаларға қанша бала тағ­ды­рын күмән-күдікке байлап қойғанын кім біледі? Бұл да зер­тей­тін, зерделейтін мәселе деп білеміз. Смартфоннан туындайтын тағы бір кесел бар. Бүгінгінің балалары керең. Әрине, тура мағынасында емес. Бірақ, құлаққапты киіп алып, бақыртып музыка тыңдап, айналасында не болып жатқанын естімейтін баланы керең демеске шараң бар ма?! Соның салдарынан көліктің астына түсіп, мертігіп жатқан жағдайлар көп. Өйткені, машинаның келіп қалғанын, ба­қыртып белгі беріп жатқанын естімейді. Әннің әуеніне елітіп айналасына қарамайды. Осының салдарынан оқушы қол-аяғын сын­дырып, жүргізуші жазалы болып жатқан жағдайлар бар. Тағы бір жәйтті айта кеткен абзал. Смартфон оқушылар ара­сындағы әлеуметтік теңсіздіктің бей­несіндей боп көрінеді. Жұрт­тың бәрі баласына қымбат телефон алып бере алмайды. Шиеттей балаларының киімі мен тамағына зорға жеткізіп отырған отбасы бар тапқанын баласының қолындағы телефонға жұмсап, аш отыра ал­­майды. Ал дәулеті асқан, кә­сібі дөң­­­геленіп тұрған ата-ана бала­сынан ештеңені аямайды. Ең соңғы модельдегі телефонды қинал­май сыйлай салады. Жағдайы на­шар отбасының баласы байдың еркесіне қарап өзін қор сезінбейді дей аласыз ба? Ал мұның жас бала­ның психологиясына қанша­лықты ауыр тиетінін біз айтпай-ақ біліп отырған шығарсыз. Енді не істеу керек? Оқушы тү­гілі, дардай адамдардың смарт­фонын бір күнде «тартып» алған жоқпыз ба? Бір бұйрықпен барлық мемлекеттік қызметшілер қымбат телефонын тастап, қарапайым байланыс құралына көшті ғой. Көшті. Одан адам құқы шектелген, моральдық-психологиялық зардап шеккен ешкім жоқ. Енді неге оқу­­шы­ларға да осындай тыйым салмаймыз? Біздіңше, бұл Білім және ғылым ми­нистр­лігінің қо­­­лында тұрған құзырет. Қа­жетті бұйрығын шығарса, Қа­зақ­стандағы барлық мектеп қол­дайды деген ойдамыз. Оған ата-аналар да қарсы бола қоймас. Құқық қорғау органдары да қы­рын қарайды деп санамаймыз. Мысалы, Қызылорда облыстық прокуратурасы мектептерде оқу­шы­лардың смартфон қолда­нуына тыйым салу туралы ұсыныс айтты. «Смартфондарды қолдану білім беру процесіне кері әсерін тигізеді. Ең қорқыныш­тысы, смартфон арқылы балалар шектеу­сіз интер­нетке қол жеткізе­ді, бұл олардың рухани және адамгершілік тұрғыда дамуына кері әсерін тигізеді»,– дейді облыстық прокуратура қыз­мет­керлері. Сондай-ақ, олар мұғалімдерге де смартфон қол­дануға тыйым салу керек деп санайды. Себебі, оқу процесі ке­зінде олардың көңілі негізгі жұ­мыстарынан бөлінбеуі керек. Оқушыға қарапайым ғана телефон әперсе жетеді. Бастысы, ата-анасы баласының қайда жүргенінен ха­бар алып отырса болды емес пе? Айтып-айтпай не керек, теле­фо­н­ға телмірген балалардың тағ­дырына араша түсуге міндет­тіміз. Егер бүгін алдын алмасақ, ертең бармақ шайнап қалғаннан басқа табар «пайдамыз» жоқ. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы