Шардара ауданындағы Жаушықұм ауылы соңғы уақытта жұртқа бітік өскен жуасымен танылып келеді. Оған себеп – алқапқа пияз голландиялық тәсілмен егіледі. Осылайша, қол күшімен атқарылатын жұмыстың барлығы бүгінде техникамен жүзеге асырылады, яғни шаруалар арамшөп отау, пиязды қолмен жегенелеу сияқты машақаттардан біржола құтылады.
Сейдулла Доматовтың иелігіндегі «Тұрар» шаруа қожалығы биылғы жылы 30 гектар жерге пияз тұқымын сеуіп, қазіргі таңда өнімді жинаумен айналысып жатыр. Диқандардың көңілдері көтеріңкі, себебі гектар түсімі 850 центнерден айналып отыр. Ал әр гектардан 85 тоннадан пияз өнімін алу өте жоғарғы көрсеткіш болып табылады. Жаушықұмның жуасы қазіргі таңда Астана, Ақтөбе, Алматы қалаларына тасымалданып, саудаға шығарылып жатыр. Сонымен қатар, аудан басшыларының ұйымдастыруымен ауылдан арнайы бекет ашылып, жергілікті тұрғындарға дақылдың келісі 50 теңгеден сатылуда. Базарда биылғы өсірілген пияздың бағасы 80 теңгеден екенін ескерсек, арнайы бекеттегі арзан баға халықтың қалтасына жеңіл тиіп жатқаны сөзсіз.
Әділ ӘБДІРАМАНОВ
Оңтүстік Қазақстан облысы